Алматыда көпбалалы мұғалімдер арасында байқау өтті

03.03.2022 21:28

Бұл байқауға қатысуға 30-дан астам келіншек ниет білдіріпті

Almaty.tv

Алматы қаласының Медеу ауданында көпбалалы мұғалімдер арасында «Асыл ана» байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Сайысқа қатысқандар 4 кезең бойынша бақ сынасты. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қазақы салт-дәстүрді жаңғырту бойынша түрлі сұрақтар қойылып, үздіктер анықталды. Бұл байқауға қатысуға 30-дан астам келіншек ниет білдіріпті. Ал бүгін арнайы комиссия іріктеуінен өткен 10-ы өз өнерін көрсетті.

«Байқауды өткізудегі негізгі мақсатымыз – аналарымыздың қоғамдағы рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұлт дәстүрлеріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың ұрпақтан ұрпаққа жетуіне себеп болсын деген ниетпен осындай керемет шара өткізіп жатырмыз», - деді Медеу ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Сәкен Аралбаев.

Ал қатысушылардың айтуынша, мұндай сайыс өткізудің мәні зор. Өскелең ұрпаққа қазақы тәрбиені сіңіру маңызды. Оның үстіне, дамыған заманда жұмыс та істеп, ұрпақ та тәрбиелеуге болатынын көрсеткіміз келеді дейді.

«Осы ұлағатты ұстаздардың, көпбалалы аналардың арасында бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп жүрген ұлағатты аналарымызды шараға шақырып жатыр. Қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз», - деді қатысушы Ақмарал Қайыпова.