Концерттік тур 28 қыркүйекте басталады
Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің құрамы өзгереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Биыл желтоқсанда «Гүлдер» ансамблін қайта жасақтап, таныстыру жоспары бар. Бүгінде қазақ хореография академиясының түлектері арасынан талантты жастарды алып жатырмыз. Сонымен қатар музыканттар да бар. Елорданың белді әншілері «Гүлдер» ұжымына қосылып жатыр. Бұл ұжымнан Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова секілді танымал әншілер шықты. Олар өнер жолын осы «Гүлдерден» бастаған. Жаңа құрамда Әmre, Рухия Байдүкенова секілді жас әншілер болады деп жоспарлап жатырмыз», - деді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, брифингте халық Роза Бағланованың 100 жылдығына орай туған жері Қызылорда облысында бірнеше концерт өтетіні хабарланды. Концерттік тур 28 қыркүйекте басталады.