Алматыда ел тарихына арналған алғашқы комикс жарық көрді

11.02.2022 21:29

Жаңа жоба тарих пен қазіргі заманғы өнерді ұштастырып отыр

Almaty.tv

Алматыда Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында ел тарихындағы айтулы оқиғаларды баяндайтын алғашқы комикс жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жаңа жоба тарих пен заманауи өнерді ұштастырып отыр. Комикс оқырманға ел үшін маңызды мәдени, спорттық және саяси оқиғалар, оның ішінде ұлттық валютаның енгізілуі, Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы жетістіктері, заманауи Түркістан, әлемдік аренада танылған қазақстандық әртістер мен спортшылар туралы баяндайды. Басылым қазақстандық жас суретшілердің, яғни иллюстрация байқауы жеңімпаздарының жұмыстарымен толыққан. 5000 дана боп шыққан туынды 2 тілде шыққан. Ұйымдастырушылар «мақсатымыз – жас ұрпаққа ұлттық өнерімізді дәріптеп, бабалар аманатын әлемдік деңгейге шығару» дейді.  

«Бүгінгі іс-шара «Тарихым, бүгінім, ертеңім» комикс жинағының жарық көруіне арналады. Біз бұл іске баспа және арт студио ретінде өз үлесімізді қостық. Кітапқа енетін суреттерді де жинаған өзіміз болатынбыз. Белгілі суретшілерді ғана емес, қатысамын деген әр ынталыны қабылдадық. Сондықтан әрқырлы болып шықты», - деді Khan Komiсs арт-студиясының басшысы Оразхан Жақып.

«Менің тақырыбым Серік Сәпиев пен Димаш Құдайбергенов туралы болды. Олардың қосқан орасан үлесі ел жадында. Өз комикстерімде халық танымайтын тұстарын суреттеуге тырыстым», - деді жас суретші Лейла Жүніс.