2015 жылдың аяғында құрылған квартеттің ғұмыры ұзаққа бармады
Баян Алагөзованың қарамағындағы «Алау» тобы енді жоқ. Былтыр ғана квартеттен триоға айналған ұжым ақыры тарап тынды. Ал азулы продюсердің өзі ер жігіттермен жұмыс істеудің жолын таппағанын айтады, деп жазды Stan.kz.
2015 жылдың аяғында құрылған квартеттің ғұмыры ұзаққа бармады. Осы уақыт аралығында көрерменге «Гүл әпше», Welcome to Kazakhstan сынды танымал әндерді ұсынған топтан былтыр Әсет Арыстанбек кеткен болатын.
Әсеттен кейін бұл топтың жұмысы жарты жылға ғана жалғасқты. Бойзбендтің шығармашылық шабытын өлтірмеуге қанша тырысқанмен, Баян діттеген мақсатынан жете алмаған.
«Біз шешім қабылдадық. Біздің жұмыс алға баспады. Жеңілісті де мойындай білу керек қой. Біз әр түрлі әрекеттерді жасап көрдік. Түрлі бағыттағы әндер мен клиптер түсірдік. Мен ылғи айтамын: Менің жігіттермен жасаған жобам ұзаққа бармайды. Сондықтан, дәл қазір «Алаудың» жұмысы жүріп жатқан жоқ», – дейді Баян Алагөзова.
«Біздің шоу-бизнесте, өзінің жеке стилін алып шығу өте қиын ғой. Сондықтан нейтралды ортақ стилді табу бізге қиынға соқты. Біз әртүрлі бағытты көрдік. Мүмкін оған шыдамдылық қажет шығар», – дейді «Алаудың» экс-әншісі Ербол Салықбаев.