Алматылық ару Miss Aura International байқауында Қазақстан намысын қорғайды

07.09.2021 21:32

Байқауға әлемнің әртүрлі елінен келген 70-тен аса қыз қатысады

Алматылық Лаура Мұхтар Түркияда өтетін Miss Aura International 2021 сұлулық байқауына Қазақстан атынан қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Байқау 20 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Анталияда өтеді. Байқауға әлемнің әртүрлі елінен келген 70-тен аса қыз қатысады. Дәстүр бойынша Miss Aura International таланттар байқауы, сән көрсетілімдері, кешкі және ұлттық көйлектер көрсетілімі секілді бірнеше кезеңдерден тұрады. Қыздар әлеуметтік және қайырымдылық шараларға қатысады.

Лаура байқауға белсенді дайындалып, ұлттық және кешкі киім үлгілерін іздеумен айналысып жатқанын айтты. Қыздың аймақтық және халықаралық конкурстарға қатысу тәжірибесі мол. Ол «Алматы аруы – 2018» финалисті, онда «Спорт-дива» және People Choice секілді екі номинацияны жеңіп алған.

Сонымен қатар, Лаура Лондонда өткен «Miss SSR UK UK 2019» байқауында «II вице-мисс» атағын жеңіп алған.

Сондай-ақ, ол Киевте өткен Miss Queen Europe - 2019 байқауында басты титулды жеңіп алған.

Бойжеткен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссер мамандығын тәмамдаған. Қазір Лаура хореограф, сонымен қатар, фильмдерге түседі және модель ретінде жұмыс істейді. Ол тенниске, атқа мінуге, кітап оқуға және ән айтуға қызығады.

Еске салайық, бір жыл бұрын Түркияда өткен Miss Aura International байқауына Қазақстан атынан модель Фариза Рахман қатысып жүлделі орынға іліге алмаған болатын.




Теги: сұлулық