Музей түні: биыл Алматыда дәстүрлі акция қалай өтеді

17.05.2023 21:40

"Тарих. Тұлға. Музей" тақырыбында ауқымды мәдени-көңіл көтеру шарасын өткізуді жоспарланып отыр

storage.yvision.kz

Алматы қаласының мұражайлары жыл сайын 18 мамырда "Музей түні" дәстүрлі акциясын өткізеді. Мәселен, құрамына 8 музей кіретін "Алматы қаласы музейлер бірлестіктігінде" "Тарих. Тұлға. Музей" тақырыбында ауқымды мәдени-көңіл көтеру шарасын өткізуді жоспарлар отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

- Музейлер – Алматы қаласының рухани және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі. Біздің мұражайларға келушілер артефактілермен танысып, олардың тарихы мен Алматы қаласының тарихы туралы біліп қана қоймай, түрлі рухани-тарихи және мәдени іс-шараларға қатысып, ой-өрісін кеңейтеді. Осындай акциялардың бірі – "Музей түні" акциясы, - деді "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" директорының даму жөніндегі орынбасары Қайрат Тарбаев.

Мәселен, Алматы музейінде "Тірі Музей" театрландырылған қойылымы ұйымдастырылады. Келушілердің назарына қола дәуіріндегі әйел, қазақ батырлары, сондай-ақ басқа да белгілі, тарихи тұлғалар ұсынылады. Сондай-ақ белгілі әртістер Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жанәбілов, Ерлан Байназаров және «Tengri ethno music band» қатысатын концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Сондай-ақ іс-шара бағдарламасында:

  • Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде және Мультимедиялық дәстурлі музыка орталығында ҚР дәстурлі әншілері Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Рамазан Стамғазиев, «Steppe Sons» модерн этно-джаз тобы, т.б. қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді. Музейдің экспозициялық залдарында келушілерді Қорқыт, Құрманғазы, Ақан сері, т.б. кейіпкерлер күтеді.
  • Д.А. Қонаев музейінде, А. Байтұрсынұлы музей-үйінде, Н. Тілендиевтің мемориалды музейінде, С. Мұқанов пен F. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінде концерттік бағдарлама, деректі фильмдер көрсетілімі өткізіледі.

Спикер атап өткендей, қала музейлерінде такырыптық экскурсиялар, интеллектуалдық квест-ойындар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұл акция 2006 жылы алғаш рет ҚР Орталық мемлекеттік музейінде өткізілді.

- Осыдан тура 18 жыл бұрын отандық музей кеңістігінде алғаш рет ерекше ірі оқиға болды - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі "Халықаралық музейлер куні" кәсіби мерекесіне арналған "Музей туні" әлеуметтік маңызы бар акциясын өткізді,- дейді музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары  Ғалия Теміртон.

Орталық музейде іс-шараның салтанатты ашылуы З. Алтынбаева, Бүркіт және Аиша, "Tengri" тобы және т. б. атақты жұлдыздардың қатысуымен өтеді.

Бұл күні музейге келушілер "ХХІ ғасырдың көшбасшылары мен танымал тұлғалары. Бірлескен шығармашылық" көрмесінің ресми ашылуына қатыса алады, онда белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерімен бірге кәсіби суретшілердің шығармашылығы көрсетіледі.

Музей бағдарламасында бұл күні келушілер келесі көрмелерді көре алады:

  • музей қорынан ұсынылған "Ер жігіттің бес қаруы бойында" қару-жарақ көрмесінің ашылуы.  
  • Қазақстан суретшілер пленэрі қатысушыларының "Ұлттық мұра – Ұрпаққа аманат "атты жұмыстарының тұсаукесері.
  • суретші, дизайнер Айжан Әбдубаитованың "Зерлеу" топтамасының этнокөрсетілімі және т. б.

Бұл күні мұражай бағдарламасында интерактивті білім беру бағдарламалары, театрландырылған сабақтар және балаларға арналған экскурсиялар түріндегі көптеген акция мен іс-шаралар бар. 

Олардың ішінде:

  • "Археолог өмірінен бір күн"- инсталляция-квест.
  •  "Үш тақырып - үш тарих", "Үш діннің ерекше тарихи мұралары: Тора, Библия, Құран"- музейлік сабақ/көрме.
  • "Жеті қазына", "Қазақтың әшекей бұйымдары", "Ұлы Жібек жолы"- Балалар коворкинг орталығындағы шығармашылық музейлік сағаттары.
  • "Ұшатын кеме" қойылымы және т. б.

Алматылықтар мен қала қонақтарына көптеген көрме, шеберлік сабақтары мен атақты жұлдыздардың қатысуымен өтетін салтанатты бағдарламалар ұсынылады.