Әнші, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, сазгер Тоқтар Серіковтің анасы қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы әншінің өнердегі достары инстаграм парақшасында жазып, көңіл айтты.
Ақын Ақберен Елгезек: «Тоқа, ардақты анамыздың қазасын естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Алла анамыздың алдынан жарылқасын. Жаны бейіштің төрінде шалқысын. Жасамаған жасын ұрпағына берсін. Сіздер аман болыңыздар», – деп жазды.
МузАрт тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов:
«Тоқтар аға, анамыздың Алла алдынан жарылқап, жұмақты нәсіп етсін! Раббым өзіңізге сабыр берсін. Қайғыңызға ортақпын, аман болыңыздар», – деп жазды парақшасында.
Маруся Назарбекқызы он бір құрсақ көтерген аяулы ана. Тоқтар Серік анасына өте жақын болғанын сұқбаттарынан байқауға болады.
Тоқтар Серіковтің репертуарындағы «Анашым», «Асыл анам» секілді халықтың жүрегінен орын тапқан әсем әуендер Маруся Назарбекқызына арналған. Осыдан біраз уақыт бұрын Тоқтар анасының туған күніне өлең арнап, ұзақ ғұмыр тілеген еді.
«Ана – деген аяулы әдемі әлем,
Мен анама арнаймын әдемі өлең.
Саған ғана еркелеп бұл жалғанда,
Өтсембе деп өмірден дәмеленем.
Жаурағанда жылынам жанарыңнан,
Әжім көрсем қыйналам жамалыңнан.
Менің адам болғаным сенің арқаң,
Тас батпай,сызда өтпей табанымнан.
Арманым асқақтайды анам десем,
Анам барда кетпейді заманға есем.
Жаратқаннан сұраймын жылап тұрып,
Анам ұзақ жүрсінші аман есен.
Туған күніңізбен, анашым. Алла сізге жүз жасты нәсіп етсін», – деп жазған болатын.
Әншінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.