Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жасқа толған мерейтойы тойланды

23.12.2019 21:40

Айтулы шара Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті

Ел егемендігімен тұспа-тұс келген Бибігүл Төлегенованың 90 жасқа толған мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Ал туған қаласы Алматыда бұлбұл үнді әншінің құрметіне арналған шаралар әлі де жалғасып жатыр. Өткен жексенбіде халық әртісінің құрметіне, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерейтойлық концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жолы атақты әншінің шығармашылық кешіне, көптеген тыңдармандарынан бөлек, шығармашылығын жоғары бағалайтын замандастары, шәкірттері, жалпы зиялы қауым тұтас қатысты десек артық емес. Тіпті тоқсанды еңсерген әдебиеттегі алыбымыз Әбдіжәміл Нүрпейісов Бибігүл Ахметқызын құттықтау үшін арнайы келіп, өз естеліктерімен бөлісті.

«Бибігүл айналайын, мен сені сонау Семейден келген кезіңнен бері білемін. Шынашақтай қыз едің. Сахнаға шықсаң, тым сұлу, ажарлы, жұрт тек көзін сенен айырмайтындай құлпырып кететінсің. Ал үніңді естігенде адамдардың жүректері дүрсілдеп, қыбыр етпей, жан-тәнімен тыңдайтын еді ғой», – деді Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.

Жалпы қазақ елінің, отандық музыканың дамуына Бибігүл Төлегенованың қосқан үлесі өлшеусіз. Әсіресе, өнер сүйер қауым 150 тілде шырқаған бұлбұл әншінің дауыс диапазонын, тембрінің бояуын, жалпы әндерді орындау шеберлігін ерекше бағалайды.

«Бибігүл Ахметқызының әр күмбір мен күйге толы, қазақтың бояуына қанық дауысы, халықпен бірге жасайтынына біз сенеміз. Қазақ қанша жасаса, қазақтың әні мен рухы қанша жасаса, Бибігүл Ахметқызының даусы да сонша жасауға тиіс деп ойлаймын», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан ОРАЗАЛИН

«Опера – мәдениеттің биік шыңы. Қазақ операсына өлшеусіз үлес қосып, халқымыздың мәдениетінің дамуы жолында тер төгіп келе жатқан Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Сондай-ақ ол жерде әншінің құрметіне арналған көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге Бибігүл Төлегенованың сахналық киімдерімен қатар, көздің жауын алатындай суреттері де қойылды».

«Әрине Бибігүл Ахметқызының қазақ өнерінде, опера өнерінде алар орны бөлек. Даусы да, әдемілігі  де ерекше Бибігүл апамызды бүкіл әлем біледі. Ол кісінің өз конкурсы бар. Ол кісінің үні, қайда барса да өзінің ізін қалдырады, өзінің қазақ деген ән мектебін қалдырады. Әлемдік деңгейде апамыздың орны бөлек», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Шахмардан ӘБІЛОВ.

70 жылдан астам уақыт киелі сахнада төрткүл дүниені тәнті етіп жүрген Бибігүл Ахметқызы кино саласында да көпшіліктің көзайымына айналды. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер, «Тақиялы періште», Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмдеріндегі бейнелерімен көрермендерді талай қуантты.

«Халқының шынайы махаббатына бөленген Бибігүл апамызды осыдан 10 жыл бұрын Ертістің жағасында Павлодар облысының әкімі ретінде мерейтоймен құттықтап, батасын алудың сәті түсіп еді. Енді бүгін ол кісіге деген ару қала Алматының ыстық ықыласын жеткізу бақыты тағы да маған бұйырып тұр. Мен үшін бұл – ерекше қуанышты сәт», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қазақ вокалдық мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде Бибігүл Төлегенова – жас таланттарды тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Шәкірттері бүгінде әлемдік сахнада ел мәртебесін, ұстаз өнегесін асқақтатып жүр.

«Классикаға айналған, қазақ музыкасының негізін қалаушылардың қатарында болған, солармен үзеңгілес болған Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, Роза Жамановалар секілді бұл кісінің де қазақ үшін, қазақ музыкасы үшін жасаған еңбегі орасан зор», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман ДҮЙСЕНОВ.

Бибігүл Ахметқызының әлемдік деңгейде алар орны бөлек. Ол кісі өзінің қазақ деген ән мектебін қалыптастырды. Қазақтың ұлы әншісі Бибігүл Төлегенованың әнімен тәрбиеленіп, соны тыңдап өскен ұрпақ ол кісінің қайталанбайтын сұлу дауысын мәңгі есте сақтайды.

«Өте бақыттымын. Бүгін  тағы да кешім өтті. Халық мені әлі де жақсы көреді екен, сүйеді екен. Мен де халқымды сүйемін. Мені ең бірінші көтерген – осы халқым. Сондықтан сіздерге басымды иемін!», – деді Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Сая Меңдеке, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.