Боранқұл Қошмағанбетұлының домбырасы мұражайға тапсырылды

03.04.2023 в 21:40

Іс-шара күйшінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды

Ата өнері – балаға мұра. Алматыда еліміздің атақты күйші, композиторы Боранқұл Қошмағанбетұлының домбырасы мұражайға тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара Қаратау күйшілік мектебіне зор үлес қосқан өр тұлғаның 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мәдениет қайраткерлері, қалалық музей бірлестігінің өкілдері, күйшінің ұрпақтары қатысқан салтанатты рәсімнен кейін композитордың туындылары орындалып, «Кең жайлау» атты жинақ кітабының тұсауы кесілді.

«Бүгінгі таңда Боранқұл Қошмағанбетұлының «Кеңжайлау» және «Жұртта қалған» деп аталатын күйі белгілі. Көпшілікке кеңінен таныстыру мақсаттында жинақ шығардық. Ол кісінің ұрпағынан ескі касета, өшейін деп тұрған дискілерін алып, пайдаландық. Қазақ радиосының «Алтын» қорындағы күйлерді кітапқа енгіздік», – деді күйші Нұрлан Түменбаев.

Жиылған жұртшылыққа таныстырылған кітапта күйшінің «Үкілімайдың анасын аңсауы», «Немере жұбанышы», «Ықылас туралы толғау», «Ешкілі таудың етегі» сынды 32 туындысы нотаға түсірілген. Басты ерекшелігі – әр күйдің алдында шығу тарихы жазылып, QR код енгізіліпті. Ұйымдастырушылардың мақсаты – ескіні жаңғыртып, ұлттық өнерді дәріптеу.

«Бұл  кешегі мәдениет, тарих. Оны бүгінгі ұрпақ білуі керек. Осында тұрған аспаптың барлығының өзіндік тарихы, орны бар. Жас ұрпақ оларды көріп, біздің ұлттық брендіміз – домбыраны әлем сахнасына насихаттау керек деп есептейміз», – деді Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Қаженова.