Фильмді «Болашақ» корпоративтік қоры дубляждаған
Голливудтық «Мулан» фильмі қазақ тілінде сөйлейді. Disney студиясының бұл туындысы «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен дыбысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
9 жыл ішінде қор 35 шетелдік фильмді қазақшаға дубляждаған. Сондай-ақ шетелдік бұл фильмге қазақтандық «Номад» каскадерлер құрамы да арнайы шақырту алып, киноға түскен. Фильмді қазақша сөйлету үшін 60-тан астам кәсіби актер атсалысты.
Көптен күткен киноның премьерасында жоба ұйымдастырушылары, медиа-тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және блогерлер бой көрсетті. Көрермен әсерлі көрініс пен қазақ тіліндегі жоғары санатты дубляждың керемет үйлесімін қаламыздағы барлық кинотеатрлардан тамашалай алады.
«Бұл фильм әзірге еліміздің 4 қаласында көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік жобаның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, білікті де білімді жастардың қатарын арттыру, қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдерді көбейту. Балалар сүйікті анимациялық фильмдерді ана тілінде көріп, қазақ тілінен білімдерін жетілдіреді», - деді «Болашақ» корпоративтік қорының төрайымы Динара ЖАЙЖҮНІСОВА.