Алматыда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті

04.03.2024 19:17

Кітапта Өзбекəлі Жəнібековтің күреске толы өмір жолы баяндалған

Almaty.tv

Алматыда студенттерге арналған «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Отбасы хрестоматиясы» қорынан жарық көрген еңбек оқырмандарға былтыр қараша айында жол тартқан. Туындыда мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекəлі Жəнібековтің күреске толы өмір жолы баяндалған. Авторлардың айтуынша, небәрі 3 ай ішінде кітап 25 мың тиражға жетіп, үлкен сұранысқа ие болған.

– Рухани құндылықты 2 түрлі бағытта жинап-теріп, жаңа буынға насихаттап келеміз. Бірінші бағыт – тұлғаларды насихаттау, екінші бағыт – 21-ғасырдағы адамдардың басына сор болып жабысқан экзистенциялық вакуум немесе экзистенциялық фрустрация, яғни қазақша қуыс кеуде деп атап жүрміз, содан арылтатын, рухани дертке шипа ұсыну, – деді жазушы Санжар Керімбай.

– Жәнібековтың еліне, халқына деген ықыласы ерекше болды. Ол жеке бастың мүддесін ойлаған жоқ. Үнемі қоғамның, ұлттың мүдессін бірінші орынға қойды. Ол – қазақтың тілі, рухани дүниесі, әдебиеті және мәдениеті үшін ерекше еңбегі сіңген жан, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Мәңгілік бала бейне» қойылымы көрерменге жол тартты