Саябақты Қаныш Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті маңынан ашу да бекер емес
«Дос-Мұқасан» ансамблін қазақтың брендіне айналдыруымыз керек. Бүгін қаланың Қоғамдық кеңес мүшелері жиналған жиында қазақ атын әлемге әйгілеген топты осылай деп жан-жақты дәріптеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелерінде ансамбльдің атына аллея ашу мәселесі де талқыланды. 70 жылдары қазақ ән өнерінің жарық жұлдызына айналған топқа қай жағынан да құрмет көрсету артық емес деп санайды қоғамдық кеңес мүшелері. Алдағы уақытта бұл жоба қолдау тапса, Абай мен Сәтбаев даңғылы қиылысатын Масанчи көшесінің бойы ансамбль атындағы саябақ болып ашылмақ. Оның үйлесімді эстетикалық тұрғыдан мүлтіксіз бейнесін жасау үшін сәулетшілер мен дизайнерлердің арасында шығармашылық байқау жариялау да жоспарланып отыр.
«Ол жеке адамға қойылатын нәрсе емес, ол «Дос-Мұқасанға» қойылатын болғандықтан, көше де беру лайықты, саябақ та беру лайықты. Олардың бейнелерін халыққа үлгі ретінде ұсынуға лайықты деп санаймын. Ақындық жүрегіммен оны қолдаймын», – деді ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев.
Саябақты Қаныш Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті маңынан ашу да бекер емес. Себебі 1967 жылы топ осы оқу орны жанынан құрылған еді. Айта кету керек, аты аңызға айналған ансамбльдің құрылғанына биыл 53 жыл.
«Бір той жырымен «Дос-Мұқасан» қаншама жастар ұл-қыздарының бағын ашты, шаңырағын көтерді. Меніңше, олардың алды қазір 60-70 асып кеткен шығар. Қазір Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен бірге осы сұрақтарды да бірге ары қарай жетілдіреміз деген үміттеміз», – деді қалалық Қоғамдық кеңесі жанындағы мәдени саясат комиссиясының төрағасы Құсман Шалабаев.