Қазақстандық кітапханашылар Түркияда біліктілігін арттырады

30.03.2023 в 21:45

Оқыту шарасы аясында отандық кітапхана маманы түрік кітапханаларының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасады

Көпшілікке арналған кітапхана қызметкерлерін Анкара қаласындағы Президент Әкімшілігіне қарасты Ұлттық кітапханада біліктілік арттыруға жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқыту шарасы аясында отандық кітапхана маманы түрік кітапханаларының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасады. Атап айтқанда, сирек басылымдар қорымен жұмыс істеу, реставрация тәжірибесі, кітапханадағы ақпараттандыру үрдісі, заманауи библиографиялық шаралар және т.б. бағыттар бойынша біліктілік арттырады.

Бүгінде қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіп бойынша тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын еліміздің мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерінің алыс және жақын шетелдерде біліктілік арттыру шарасын ұйымдастырады. Осыған дейін мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтардың, музыкалық және драмалық театрлардың, костюм бутофориясы мен костюм аксессуарлары қызметкерін оқыттық. Бүгінгі күні қазақстандық кітапханалардағы сирек басылыммен жұмыс істейтін және реставрация мамандарының біліктілігін арттыру аса маңызды болып отыр», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.