Дүбірлі доданың биылғы ерекшелігі – пандемияға байланысты онлайн және оффлайн форматта өтуде
Алматыда халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауы өтіп жатыр. Бүгін байқаудың соңғы күні. Алатау дәстүрлі өнер театрында онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен жас дарындар қатысуда.Сондай-ақ, шет мемлекетттердің таланттары да өз өнерлерін таспаға жазып жолдап, бақтарын сынап жатыр. 3 күнге созылған дүбірлі дода туралы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтады.
Жас дарындардың өнерін өркендетуге бағытталған халықаралық деңгейдегі «Бозторғай» байқауы Алматыда 23 мәрте Алатау дәстүрлі өнер театрында ұйымдастырылып отыр. Дүбірлі доданың биылғы ерекшелігі – пандемияға байланысты онлайн және оффлайн форматта өтуде. Оған Қазақстан мен ТМД елдерінің және Болгария, Чехия, Италия, Португалия мен Испанияның жас таланттары қатысып жатыр. Шетелдік өнерпаздар орындаған туындыларын бейне таспаға жазып, жолдаған.
Үкілі домбыра мен саз-сырнай, жетіген. Құлақтан кіріп, бойды алған халық әндері мен әсем күй орындаған жас өрендер осылай көпшілікті тәнті етуде. Байқауда Рамазан Стамғазиев, Лаки Кесоглу секілді еліміздің танымал тұлғалары қазылық етіп, 60-тан аса әнші, 20-дан аса дәстүрлі орындаушылар мен 16 би тобының өнеріне баға беріп жатыр.
«Ерекшелігі – жастарды тарту, жастарды үлкен сахнаға дайындау. Талантты балаларға жер көрсету, дүниенің төрт бұрынышында үлкен сахнаға шығару. Яғни, қысқасы – таланттың жолын ашу», – деді ҚР Мәдениет қайраткері Рамазан Стамғазиев.
Жалпы дүбірлі дода 15 қыркүйекте басталған. Сайыс бүгін өз мәресіне жетіп, жүзден жүйрік жеңімпаз анықталатын болады. Байқауға барлығы 300-ден аса бала қатысты.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы