Елорданың «Жастар» театры Алматыға гострольдік сапармен келді
Елорданың «Жастар» театры Алматыға гострольдік сапармен келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Театр ұжымы мегаполис көрермендеріне комедия, драма және музыкалық бағыттағы түрлі қойылымды ұсынып жатыр. Соның бірі – ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» драмалық дастанының негізінде қойылған «Қылкөпір» туындысы. XX ғасырдың 30-50-жылдарындағы қазақ еліндегі тарихи кезең шындығын суреттейтін спектальді қалың көрермен ерекше ықыласпен қабылдады.
Шығармадағы бас кейіпкерлер – Қасым мен Айша ана, Едіге қарт. Туынды басынан аяғына дейін диалог-монологпен өрілген. Осы бейне арқылы көрерменге адамдардың мінез-құлқы, адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екіжүзділік көрсетіледі. Өмірдегі қайшылық-қақтығыстар жырланады.
– Мен бұл спектальде қарт Едіге деген кейіпкерді ойнаймын. Қарт Едіге – көпті көрген, шындықты бетке айтатын көнекөз қария. Ол – соғысты көрген, сатқындық, залымдық, адалдық, тазалық – бәрін саралай алатын адам. Қойылым бүкіл адамзаттың бойындағы қасиетті аша білген, – дейді «Жастар» театрының әртісі Азамат Есқұл.
«Қылкөпір» туындысы – ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» драмалық дастанының ықшамдалған сахналық нұсқасы. Автор бұл шығармасы арқылы адамгершілік пен имандылық қасиетін ұлықтайды. Спектакльдің режиссері – Нұрқанат Жақыпбай. «Жастар» театрының ұжымы салмақты драмалық қойылымды алғаш рет сахналап отыр.
– Қойылымның ұғынған адамға айтар философиялық ойы терең. Ерте ме, кеш пе, бәріміз қайтамыз. Жаратылыс иесі ретінде аманатты тапсыратын уақыт келеді. Ол – Құранда көрсетілген «қылкөпірдей». Жастар театрындағы орны бөлек, салмақты қойылым болатынына күмәнім жоқ, – деді «Жастар» театрының директоры Досымжан Таңатаров.
Драмалық қойылымның түйіні – озбырлықты, қатыгездікті, сараңдықты ізгілік жеңетінін көрсету. Алматылық көрермен спектакльді ерекше ықыласпен қабылдады. Залда бос орын болмады. Театрға шығарма авторы Нұрлан Оразалин келіп, жас ұжымға алғысын білдірді.
Шаңырақ – қазақ халқы үшін қастерлі ұғым. Ұлтымыз оны қашанда биік ұстаған, құрметтеген, кие тұтқан. Драмалық дастанда осы тақырып кеңінен қозғалған, ауқымды көтерілген. Ал режиссер актерлердің шеберлігі мен декорацияны бір арнаға тоғыстыра отырып, сахналық қойылым ретінде дүниеге әкелді. «Қылкөпір» спекталі «Жастар» театрының репертуарына осыдан 2 жыл бұрын енген. Астана төрінде қанша сахналанса да, көрерменнің қошеметіне бөленіп келеді.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы