Димаштың Астанадағы концерті: билет бағасы белгілі болды

26.02.2019 21:55

Димаштың «Арнау» концерті «Астана-Арена» стадионында 29 маусымда өтеді


Қазақстандық талантты әнші Димаш Құдайбергеннің Астанада өтетін концертіне билеттер келесі аптада сатыла бастауы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин айтты.

«Қазіргі таңда билеттерді сату бойынша соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Димаштың концертіне билеттер келесі аптада сатыла бастауы мүмкін. Оны алдағы аптада нақты жариялаймыз», - деді төраға.

Оның айтуынша, билет бағасы тұрғындар үшін қолжетімді болады.

«Билеттер интернет арқылы сатылуы мүмкін. Ел тұрғындарының пікірін ескердік. Сондықтан билеттің бағасын қолжетімді еттік. Осыған дейін оның бағасы 500 теңгеден 5 мың теңге арылығында болатынын мәлімдегенбіз. Концерттің деңгейі мен ауқымын ескерсек, билеттің бағасы онша қымбат емес. Себебі, біз мұндай деңгейде өтетін концерттердің билет бағасына талдау жүргіздік. Сөйтіп, ондағы баға 300 доллардан басталатынын білдік, ал бізде айтарлықтай арзан», - деді Қарин.


Айта кетейік, Димаштың «Арнау» атты концерті 29 маусым күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Құдайбергеновтің туған жеріндегі алғашқы ән кеші 2017 жылы елордада «Бастау» деген атпен өткен болатын.

Сондай-ақ, Димаш наурыздың 22-сі күні Мәскеуде жеке кешін өткізбекші.