8 бен 14 жас аралығындағы жас өнерпаздардың талантын елімізге танымал әншілер, кәсіби музыканттар мен қоғам өкілдері бағалады
Балаларды қорғау күніне орай Aлматының Жетісу ауданында мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін ән айтып, би билеуден іріктелген «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» жеткіншектер «Гүлдер» саябағында ұйымдастырылған «Сен жұлдызсың!» байқауында бақ сынады. Гранд-финал қатысушылары вокал және хореография секілді 5 санат бойынша жарысты. 8 бен 14 жас аралығындағы жас өнерпаздардың талантын елімізге танымал әншілер, кәсіби музыканттар мен қоғам өкілдері бағалады. Қазылар алқасы іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға «бақытты балалық шақты» сезіндіру дейді.
«Балаларды қорғау күні болғандықтан, балаларға керемет көңіл күй сыйладық. Сондай-ақ бұл байқауда жеңімпаздар өте жақсы сыйлықтар алады. Балаларды қуантып, көңіл күйін көтерсек дейміз. Балаларға мол бақыт, жарқын өмір тілеймін», – деді әнші, сазгер Бек Оралбеков.