Алматыда алдағы демалыс күндері қайда баруға болады?

18.01.2019 21:59

«Періштелер уақыты». Алматыда осындай атаумен қуыршақтар көрмесі ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында шеберлер қолынан шыққан 50-ге тарта бұйым қойылған. Музейде белгілі суретші Алексей Уткиннің 70 жылдығына арналған «Мен осындай әр қилымын» көрмесі шымылдығын түрді. Алдағы демалыс күндері қала қонақтары мен тұрғындары қандай мәдени шараға куә болады.

Көрмедегі қуыршақтар әр алуан. Шеберлер оларды жасауда түрлі материалдарды пайдаланыпты. Тильда, папье-маше сынды қуыршақтарды да көзіңіз шалады. Еңбектердің ішінде орындалуы жағынан тәнті етпей қоймайтын ерекше туындылар бар. Жалпы саны 50-ге жуық ойыншық қойылған. Бұл шара қайырымдылық мақсатында өтіп отыр. Сонымен қатар, зергерлік бұйым да көпшілік назарына ұсынылған.

«26 қаңтарда аукциондық сауда-саттық өтеді. Жиналған қаражатты «Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» қоғамдық бірлестігіне береміз. Қуыршақтар бағасы әр түрлі. Оның құны әр қайсысында көрсетілген. Аукционда топтамадағы ең төмен деген қуыршақ бағасы 5 мың теңгеден басталады. Құны 130 мың теңгеге бағаланған туындылар да бар»,- дейді Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы насихат және экскурсиялық қызмет көрсету орталығының жетекішісі, Оксана ТАНЦКАЯ.

Абай атындағы опера және балет театрында Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті сахналанбақ. Туындыда зұлымдық пен махаббат лирикасы суреттеледі. Шығыс пен Батыстың биі астасқан трагедиялық драммада бас балетмейстер халық артисі Гүлжан Түктібаева, дирижер Мұхтар Қалдаяқов. Балет сүйер қауым қойылымды 20 қаңтар күні кешкі сағат алтыда тамашалай алады.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында белгілі суретші Алексей Уткиннің жеке көрмесі ашылды. Экспозицияда қылқалам шеберінің 150-ден аса кескіндеме, графика, авторлық портреттік туындылары ұсынылған. Суретші салған туындылар мазмұны біз мән бермейтін күнделікті өмірдегі көріністерден өрілген. Түстердің үйлесімдігінен оның ішкі сезімін, ерекше көңіл-күйін аңғаруға болады. Ал, оның әр еңбегі Алматының түрлі қырын бейнелеген. 

«Көрмеде дарынды суретшінің әр түрлі нақыш пен техникада орындалған көптеген жаңа жұмыстары ұсынылған. Портрет пен натюрморттарға қарамастан, Алексей Уткин сүйікті қаласын суреттеуді тоқтатқан емес. Туындылардың басым бөлігінде қаланың пейзажы бейнеленген. Алып шаһардың қайнаған тіршілігі, жылдың әр мезгілі асқан шеберлікпен сызылған. Қылқалам шебері соңғы уақытта пейзаждан бөлек абстракциялық кескіндемені де пайдалана бастады»,- дейді Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы баспасөз қызметінің жеекшісі, Клара ИСАБАЕВА.

Ал ертең Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрында «Үміт үзгім келмейді» қойылымын көре аласыздар. Спектакльде әлеуметтік мәселе көтеріледі. Адамзаттық асыл құндылықтар ұлықталатын бұл қойылым кешкі сағат алтыда сахналанады. Сонымен қатар, жексенбі күні қалада кітап алмасу шарасы өтеді. Тұрғындар өзіне ұнаған еңбекті ешқандай ақы төлемей үйіне ала алады. Тек орнына өзі оқып шыққан кітабын қоғамдық сөреге қалдыруы қажет. Шара Almaty Towers бизнес орталығында ұйымдастырылады.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы