Халықаралық деңгейдегі онлайн салтанатты рәсімге отандық мәдениет саласының қызметкерлері, өнерсүйер қауым мен кітапхана оқырмандары қатысып, Қырғызстан елінің өкілдері сөз сөйледі
Алматыда қазақстандық және түркітілдес ақын-жазушылардың туындысы жинақталған кітап жарық көрді. «Дүние таланттары одағы» деп аталатын альманахтың тұсаукесері бүгін №29 кітапханада өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Халықаралық деңгейдегі онлайн салтанатты рәсімге отандық мәдениет саласының қызметкерлері, өнерсүйер қауым мен кітапхана оқырмандары қатысып, Қырғызстан елінің өкілдері сөз сөйледі. Көрші мемлекеттердегі дарындардың басын қосып, әдебиеттің қыр-сырын алмасуды көздеген бұл одақ былтыр ғана құрылған еді. Бүгінде мүшелерінің саны 400-ден асып отыр.
«4 елдің таланттарының еңбегі осы кітапта қамтылған. Жалпы 54 автор бар. Бұл – одақтың алғашқы жинағы. Бұдан былай ол «Дүние таланттары» 1, 2, 3 деп, жалғасын табады. Кітап 400-ден аса беттен тұрады. Алдағы уақытта көбеюі мүмкін», – деді ҚР Халықаралық «Дүние таланттары одағының» президенті Дана Дәулетова.
Альманах жинақ Қазақстан мен Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінің аудармашылары мен сазгерлері, сондай-ақ, суретшілердің де туындыларын қамтиды. Осы ретте, ұйымдастырушылар іс-шараны өткізудегі басты мақсат – шығармашылық ізденістегі тұлғаларды жан-жақты насихаттау дейді. Айта кетсек, онлайн форматтағы іс-шара «Парасат жолы» жобасы аясында, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық Департаменті және Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мұрындық болуымен өтті.
«Одақ – көп таланттардың басын қосты. Мәселен, 4-5 мемлекеттің таланттары бір-бірін танып, пікір алмасуда. Жалпы шығармашылықта кең сала болып отыр. Қазір бұл жинақта біздің туындыларымыз бар. Соның ішінде менің лирикалық, поэзиялық бағыттағы 4 шығармам жарық көріп отыр», – деді ҚР Халықаралық «Дүние таланттары одағының» мүшесі (Қырғыз Республикасы) Гүлбурак Маликова.