Туристердің бәрін де думанды дүрмекті атап өту ауқымы мен тұрғындардың көңіл-күйі тамсандырған көрінеді
Биылғы әз-Наурызды тойлау үшін Алматыға 5 мыңнан аса шетелдік турист келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туристердің бәрін де думанды дүрмекті атап өту ауқымы мен тұрғындардың көңіл-күйі тамсандырған көрінеді.
«Наурыз мейрамының Қазақстанда, оның ішінде Алматыда осындай ауқымда тойланғаны мені қатты таңқалдырды. Түрлі дәмнен дәм таттым. Көже, бауырсақ, ет, барлық тамақ өте дәмді болды. Қала оң бағытта дамып келеді. Сол себепті кәсібімізді осы қаладан бастауды жөн көрдік», – деп атап өтті «Medical рartners Korea» клиникасының директоры (Оңтүстік Корея) Куанг Бум КИМ.
«Түркияда да Наурыз тойланады, бірақ мұндай көлемде емес. Алғашқы қатысуым, дегенмен, Жаңа жыл мен бірліктің лебі есіп тұр. Барлығы ұнады. Осында болған 5 күннің ішінде көп нәрсені біліп, танып жатырмын. Тағы да келем бе деген ойым бар», – деді «Темро» қуыршақ театрының директоры (Түркия) Марина ЮДЖЕ.
«Қазақ ұлттық университетінде білім алып жатқаныма 3 жыл болды. Бірақ Наурызға алғаш рет қатысуым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Алматы қаласы үшін ұлан-асыр той болып өтті. Ұлттық киімдерді киген адамдар мен өтіп жатқан іс-шаралардан қазақы иіс аңқып тұр», – дейді студент (АҚШ) Алекс КРОСС.