Іс-шара философтың мұрасын зерттейтін әлем ғалымдарын біріктіруге бағытталған
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық «Әл-Фараби» орталығының 30 жылдығына арналған форум басталды, деп хабарайды Almaty.tv.
Ауқымды іс-шара философтың мұрасын зерттейтін әлем ғалымдарын біріктіруге бағытталған. Алқалы жиынның ашылу рәсіміне Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, Өзбекстан және Иран Ислам Республикаларының бас консулдары, белді фарабитанушылар қатысты.
«Форумның тақырыбы – «Фараби шығармашылығындағы тіл философиясы және Фараби шығармаларының тілі». Фараби энциклопедист ғалым болғандықтан, тілге ерекше көңіл бөлген. Тілдің маңызын түсініп, өз еңбегінде тіл мәселесіне де тоқталған», – деді филология ғылымдарының докторы, фарабитанушы Самал Төлеубаева.
Форумға қатысушылар бүгінгі қоғамның рухани және зияткерлік мәдениетін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Екі күнге созылатын іс-шара аясында пікірталас алаңдары, бейнероликтер байқауы және маңызды ақпарды ортаға салатын дөңгелек үстел өтеді.
«Қытайда Конфуций туралы 1000-ға жуық орталық бар екен. Фараби – шығыстың ұлы, тумасы, ең бастысы қазақ топырағына кіндігі тамған. Өткенді кейінге ұрпаққа танытуымыз керек, насихаттауымыз керек. Себебі оның тәрбиелік мәні бар деп ойлаймын», – деді халықаралық «Әл-Фараби» орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаев.