Қолжазбаны қазақшаға аударылып, кітап боп шықты
Қазақ тарихы тың дерекпен толығып жатыр. Ержүрек Оспан батыр туралы қолжазбаның тұпнұсқасы сонау Түркиядан алынып, бүгін Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивіне тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тың деректерді кезінде Оспан батырдың қасында жүріп, барлық күресіне бастан аяқ куә болған Нұрғожай батыр жазып қалдырып кеткен дейді ғалымдар.
Қытай әскерімен күрескен Оспан батыр туралы 200 беттік қолжазбаны батырдың жанында жүрген 8 комиссарының бірі, ерлігіне бастан аяқ куә болған Нұрғожай батыр өзі дүниеден өтерінен 2 жыл бұрын жаздырып қалдырған екен. Хаттану білмеген соң Нұрғожай 1984 жылы шығыс Түркістаннан Сұлтан Оспанұлы деген жазушыны арнайы шақыртады. Ол батырдың жанында 2 ай тұрып бәрін қағазға түсіріпті. Сол кітапті бүгін батырдың Түркияда тұратын ұрпақтары елге тапсырды.
«Қытай үкіметі жіберді деген бір ой бар. 2 ай тұрғанда әкемнің өмірбаянын естеліктерін жазды. Әкем бұл кісіге 2 дәптерге, 2 кітапқа жазасың деген. Сөйтіп 2 кітапқа жазылды», – деді Нұрғожай батырдың кенже ұлы Қажыхан Баһадүр Нұрғожайұлы.
Жазушымен бірге кеткен 2 дәптердің бірін қытайдағы сақшылар тартып алып, жоқ қылса керек. Ал біреуі Нұрғожайдың отбасында осы уақытқа дейін сақталып келіпті. Батырдың балалары төте жазуды не кирилге не түрікшеге аударатын адам таппаған. Кейіннен жәдігерді профессор Әбдуақап Қараға тапсырыпты. Ғалымның айтуынша, қолжазбада басқа еш жерде жоқ құнды дүниелер көп. Дүниежүзі қазақтарының барлығы Алаш идеясына сенген.
«1942 жылы біз жеңіске жетіп, қытайлармен келісім-шартқа отырдық. Қытайлар бізге тіліңізге, мәдениетіңізге тиіспейміз деп келісім жасадық. Одан кейін қытайлар өздерінің сіз атып өлтірген генералдарының сүйегін бізге беріңдер дейді, бердік. Соны естіген орыс консулы келіп, біздің де бір орыс генералды атып өлтірген соны бер деп сұраған. Жоқ деген. Сіздер біздің Алаш көсемдері Әлиханды, Ахмет, Міржақыпты атып өлтірдіңіздер. Солардың сүйегін әкелсеңіздер ғана генералдарыңның сүйегін аласыздар депті», – деді Түркияның мимар синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара.
Осы сияқты зерттелуі тиіс мағлұмат жетерлік. Ғалым қолжазбаны қазақшаға аударып, кітап етіп басқан.
«Бізде негізі көптеген дүниелер аңызбен, мифпен жүзеге асырылған. Ал мынадай тікелей қолжазбаларды тәуелсіздік жылдарында ғана жинап келеміз. Нұрғожай батырдың өзінің естеліктерінің қолжазбасы қазақ тарихына қосылған зор үлес деп есептейміз», – деді ҚР МСМ Архив істері және құжаттама басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш.
Қолжазба толық зерттелмеген. Сондықтан алдағы уақытта ол ғылыми айналымға еніп, электронды базаға енгізіледі. Оспан батырдың саяси көзқарасы, батырлығы, жеке өмірі қайта зерттелмек.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» теларнасы