Аталмыш сайысқа алматылық 23 шебер авторлық бұйымын ұсынған
Алматы музейінде «Бабадан қалған кәсіп» атты жас зергерлер байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталмыш сайысқа алматылық 23 шебер авторлық бұйымын ұсынған. Әділқазылар алқасы авторлардың көркемдік шеберлігінің деңгейі, бұйымның бірегейлігі мен сапасына баға берді. Нәтижесінде 10 жұмыс ақтық сынға жолдама алды. Жас шеберлердің жұмысын кез келген қала тұрғыны 29 қарашаға дейін Алматы музейінде тамашалай алады.
«Осы бұйымды жасап жатқанда зергерлердің байқауы болатынын білдім. Қатысуға шешім қабылдадым. Әшекей бұйымдарды заманауи үрдістерді пайдалана отырып, ұлттық нақыштағы оюларды қоса жасап шықтым», – деді «Бабадан қалған кәсіп» байқауының жеңімпазы Мадина Нұрпейісова.
Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында өтіп отыр. Айта кетейік, 13 қағидаттан тұратын жалпыұлттық бағдарламаға биыл тағы 4 жаңа жоба қосылған еді.
«Қазақстан Республикасының үкіметі осы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 4 арнайы жоба ұсынған болатын. Атап айтқанда, «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты». Жалпы осы «Дәстүр мен ғұрып» жобасының негізгі мақсаты – осы ұмыт болған қазақтың дәстүрлі асханасындағы тағамдарды, дәстүрлі өнерін дәріптеу, «Шебердің инесі де, күймесі де – алтын» деп, барынша елге таныту», – деді қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Қаражан.