Келер жылы жазушы, драматург Дулат Исабековтің туғанына 80 жыл толады
Қазақ әдебиеті, қазақ киноөнері тағы жаңа белеске көтерілмек. Келер жылы жазушы, драматург Дулат Исабековтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай, «Еуразия шығармашылық гильдиясы» 2021-2022 жылға арналған жоспар дайындады. Батысты бағындырмақ әдебиетіміз енді қай қырынан танылады? Екі жылдық жоспардың негізгі міндеті қандай? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Әлемдік әдебиет кеңістігінде 50-ге тарта елдің авторын мүшелікке қабылдаған «Еуразия шығармашылық гильдиясы» қазақ қаламгері Дулат Исабековтің шығармашылығын Батыс елдерінде насихаттауды бастап кетті. Жазушының 80 жылдығына орай Австрия мен Ұлыбританияда бірқатар іс-шара өткізілмек.
«Кең ауқымды жоспар, бағдарлама жасап жатыр екен. Ол бағдарламаны көріп, өзім сүйсініп те қалдым, шошынып та қалдым. «Балуан Шолақ», «Гауһар тас» дейсің бе, баяғы киноларды ағылшын тілінде көрсетеді кинофестивальде. Швед тіліндегі кітаптың презентациясы, ең бастысы мына Вена менен Брюссельдегі жаңа пьеса «Бөртенің» қойылуы жөнінде мәселе көтеріліп отыр», – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.
Нақты айтар болсақ, 2021-2022 жылға дайындалған жоспарда драматургтың қаламынан туған кино-театр туындылары мен ағылшын-неміс тіліндегі кітаптардың тұсаукесері болады. Сондай-ақ, Торонто қаласында өтетін халықаралық әдебиет фестивалінде драматургия жанры бойынша «Дулат Исабеков» атындағы сыйақы тағайындалмақ.
«Дулат Исабеков әсіресе Ұлыбританияда жазушы ретінде, драматург ретінде осынша сұранысқа ие болғандықтан, оның шығармашылығының негізінде ауқымды жоспар дайындадық. Классиктерді дәл қазір ортамызда жүргенде насихаттау керек деп есептеймін. Әсіресе, еңбектері әлемде танымал болған классиктерді дәріптей беруіміз керек», – деді «Еуразия шығармашылық гильдиясы» төрағасының орынбасары Марат Ахмеджанов.
Драматургтың 46 жасында жазған «Өкпек жолаушы» қойылымы осыдан 7 жыл бұрын Лондонда сахналанған еді. Содан бері ағылшын жұртына Исабеков шығармашылығы таныс. Ендігіде бұл таныстық одан бетер күшейе түспек.
Мадина Оқас, «Алматы» арнасы