|
21.05.2024 | 17:09
348

Еліміздегі үш музейге ұлттық мәртебе беріледі

Іс-шарада Президент азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

Еліміздегі үш музейге ұлттық мәртебе беріледі Ақорда

Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

– Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті.

– Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шарада Президент мына азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады:

«Парасат» орденімен:

▪️Тікішев Темір – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы.

«Құрмет» орденімен:

▪️Асқаров Азамат Асқарұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі;

▪️Ахатов Асылбек Құсымұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі;

▪️Әбілдина Ғайнижамал Байкәрімқызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;

▪️Джулмухамедова Айжан Абылайханқызы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы;

▪️Карменова Тоғжан Жанатқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары;

▪️Қалдыбаева Гүлжан Ақмәдиқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің суретші-реставраторы;

▪️Құлыш Қапаш Қабыкенқызы – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;

▪️Медеубаева Светлана Магнитқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бөлім басшысы;

▪️Молдашева Гүлзира Бәкірқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің бас қор сақтаушысы;

▪️Мұртазина Қарлығаш Төкенқызы – «Айгүл» ВАА вокалисі;

▪️Насирова Гульбахар Касимовна – Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі;

▪️Тоқжанов Төлепберген Торахметұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен:

▪️Ақпасова Бәтеш Рахметжанқызы – Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің қызмет басшысы;

▪️Бисенғалиев Мұрат Құмарғалиұлы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы;

▪️Жабаева Әлия Шүйіншәліқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры режиссердің көмекшісі;

▪️Омирбекова Марина Сергеевна – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры аккомпаниатор-концертмейстері.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы:

▪️Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Айсын Жексен Қуанұлына;

▪️А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Ақмолдаев Саян Досмахамбетұлына;

▪️Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас хормейстері Темірбекова Әлия Жанәбілқызына берілді.

Оқи отырыңыз: Алматыда өнер майталмандары марапатталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир