Қала күні қарсаңында өтіп жатқан көрме көз қуантарлық дүние мен тіл үйіретін тағамға толы болды
Алматыда суретші, музыкант және аспаздардың басын тоғыстырған көрме өтті. Қала күні қарсаңында өтіп жатқан көрме көз қуантарлық дүние мен тіл үйіретін тағамға толы болды. Кретивті көрмені тамашалап қайтқан Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін әріптесіме кезек берейік.
Бүгін қаладағы нысандардың бірінде шығармашылықты жаны сүйетін адамдар мен өнерді бағалайтын тұрғындар бас қосып, арқаны кеңге жайып арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Отандық суретшілердің туындыларын көріп қана қоймай мұнда әсем ән мен дәмді тағамдардан ауыз тиді. Ашық аспанда барлық санитария талаптары сақталған. Шарада суретші Сева Демидовтің бірегей коллекциясы таныстырылды.
«Мен карантиндегі бар бос уақытымды тиімді пайдаланып, туындыларымды жасауға тырыстым. Жаным қалаған дүниелермен айналысып, күш жинадым», – деді суретші Сева Демидов.
Пандемия өнер адамдарына оңай тимегені белгілі. Соған қарамастан бұл тығырықтан шығып, суретші, музыкант пен рестораторлар бірігіп жұмыс істеуді қолға алыпты.
«Мен карантин болатынын білген кезде қатты күйзелдім. Қалай пәтер ақысын төлеймін, ары қарай қалай өмір сүремін деген сұрақтар тұрды. Өйткені мен тек музыка арқылы ғана табыс таптым», – деді музыкант Бранко Станойковски.
«Біз көрменің жаңа заманауи сериясын бірігіп шығаруды ұйғардық. Бұған дейін бос кеткен уақытымызды осылайша пайдаға асырайық дедік», – деді ресторатор Градимир Митич.
Бүгінде өнер индустриясының әрбір саласы дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Мәселен, Ұлыбританияда музыка, кино және мұражай саласы бірден 80 пайызға дейін шығынға ұшырапты.
«Пандемия өмір сүрудің жаңа қырларын ашып берді. Бұл шығармашылық салаға айтарлықтай әсер етіп жатыр. Бірақ соған қарамастан жаңа талаптарға дағдыланып келеміз. Міне, осындай шараға келген адамдардың шын мәнінде бетпе-бет дидарласып қатынас жасауды сағынып қалғанын байқауға болады», – деді өнертанушы Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайдың ғылыми хатшысы Екатерина Резникова.
Жаңаша кейіпке енген көрмеден бөлек қаладағы мұражайларда да түрлі мәдени іс-шаралар басталып кеткен. Мәселен бүгін белгілі мүсінші Павел Шороховтың көрмесінің ашылуы өтті. Автордың жиырмадан астам туындысы қойылған. Шара қала күніне орайластырылған.
«Мені кез келген дүние қызықтырады. Балалар, жануарлар, ұлттық тақырыптар болсын, жалпы өмірдің барлық саласын бейнелеуге дайынмын. Мен үшін әрбір туынды ыстық. Қаламызға ерекше әр беру үшін әдемі мүсіндер жасауға тырысамын. Бұл көрме де менің сүйікті қалам Алматыға арналады», – деді мүсінші Павел Шорохов.
Карантиннен кейін қайта жұмысқа кіріскен Алматы мұражайы бүгін алғаш рет көрме ұйымдастырып отыр. Шара алдағы екі аптаға дейін созылады.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы