Әйел жанын айшықтап беретін рөлдері көрермен көңілін тебірентпей қоймайды
Қазақ қызының тағдырын, әйелдің әсемдігін, ардақты ананың, ақжаулықты әженің образын сахнада аша білу тек мықты қазақ актрисаларының қолынан келген. Әйел жанын айшықтап беретін рөлдері көрермен көңілін тебірентпей қоймайды. Оларды ел ана бейнесінен таниды. Әлемге мейірім сепкен аналарымыздың екі елдің ынтымағына, тараптардың татулығы мен мызғымас достығына ықпал еткен тарихта түрлі оқиғалар бар. Әңгіме қазақ театрындағы ана рөлін шебер сомдаған нәзік жандар турасында болмақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сая Меңдекенің бейнематериалында.
Жас ұлғайған сайын рөл де азаяды екен. Ол солай болу керек деген театрдың тарланы Ғазиза Әбдінәбиева театрда болсын, кинода болсын осы күнге дейін сомдаған рөлдерін тебірене еске алады. Өнерсүйер қауым мен теледидар көрерменіне «Перекрёсток» телеxикаясынан Роза апай болып танылған актриса Ғазиза Әбдінәбиева театрда трагедияны, драманы ойнайды. Оған «Қарагөз» спектакліндегі Мөржан, «Ай тұтылған түндегі» Таңқабике бейнелері дәлел.
«Мөржан былай қарағанда жағымсыз кейіркер сияқты, қызын малға сатып, қинап жатқан. Бірақ сондай әйелдердің ақасында біздің дәстүр сақталып қалды. Елдің бірлігі сақталып қалды. «Ай тұтылған түн» деген спектакльде рөлім болды Таңқабике деген. Ол да үлкен бір рулы елді басқарып отырған Башқұрттың авторының спектаклі», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева.
Сол сияқты кейінгі кезде Томиристі бала күннен бағып, бағдар берген Елес деген кемпірдің рөлін сомдайды. Ал жақында ғана «Сүйікті менің ағатайымда» Мария деген күтуші кемпірді ойнапты. Ол да бір үлкен шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін рөл дейді актрисаның өзі.
«Жас ұлғайған сайын рөл азаяды. Ол солай болу керек. Ойыңда болғанмен, ойнауға сенің мүмкіндігің бола бермейді, денсаулығың. Сондықтан кейінгі жастар – Гүлшат Тутова, Шынар Асқарова, Дария Жүсіп, Дана Темірсұлтанова сияқты үлкен актрисаларымыз біздің рөлдерімізді ойнап жатыр», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева.
Театрдағы ана рөлін шебер сомдаған тағы бір танымал актриса – Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері Данагүл Темірсұлтанова. Бір ғана «Ақтастағы Ахико» қойылымында үлкен бір діңгек іспеттес рөлдердің бірі – ел анасы Ақтамақ ананың бейнесі арқылы ол жалпы қазақ аналарының жиынтық бейнесін сомдай білді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Токиода «Ақтастағы Ахико» спектаклін жапон көрермендерінің назарына ұсынғанында белгілі театр сыншысы Накамура Йошиxиро мырза актрисаның рөліне кереметтей баға беріп, адамдар ұлтқа, нәсілге бөлінгенімен, жүректегі мейірім біреу, және онда шекара жоқ деген еді.
«Жапонияның белгілі сыншысы Накомура мырза осы Данагүл Темірсұлтанованың ана бейнесіне ерекше тоқталып, біз бұл бейне арқылы тек қана әйел адамды көрген жоқпыз. Біз осы бейне арқылы бүкіл қазақ деген ұлттың мейірімін танып білді. Біз қазақ деген ұлттың болмыс-бітіміне, келбетіне куә болдық деді. Бұл актриса өнеріне берілген жоғары баға деп мен есептеймін», – деді режиссер Асхат Маемеров.
Осылайша Аxико және оның өмірін ел жүрегіне жеткізген «Ақтастағы Аxико» қойылымы бүгінде екі ел арасындағы достықтың символына айналды. Ал 30 жылдардағы қайсар, өршіл, небір аласапыран шақтарды бастан өткерсе де сағы сынбаған қазақтың аналарының бейнесін сомдаған әртістердің өнеріне тағы да бас иеміз.
Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы