Фестиваль өткен Абай алаңында ине шаншыр орын қалмаған
Алматылықтар мен қала қонақтарына екі күн бойы көшпенділер мәдениетінің рухын сезінуге мүмкіндік берген дәстүрлі фестиваль биыл да Абай алаңында өтті. Оған әлемнің 16 елінен 70 музыкант келген деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «The Spirit of Tengri» заманауи этномузыка фестиваліне келгендердің қарасы қалың. Абай алаңында ине шаншыр орын болмады.
Халықаралық фестивальде қазақтың этникалық музыкасын рокпен байланыстырған «Ашина» тобы өнер көрсетті. Әншілер ұлттық аспап сыбызғы, домбыра және қобызды қолданып, әсерлі ән орындады. Айтуыларынша, мұндай шара өзге елдің музыканттарымен танысып, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді.
«Бұл халықаралық фестиваль болғандықтан, өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сол себепті келесі жолы басқа музыканттармен бірігіп, ерекше бір дүниелер істеуіміз мүмкін», – дейді «Ashina» тобының жетекшісі Нұрлыбек ЗАКЕНОВ.
Чилдо Томас «The Spirit of Tengri» фестиваліне осымен екінші жыл қатарынан қатысып жатыр. Мозамбик музыканты алматылықтардың ерекше ықыласына тәнті екендігін айтады. Африкалық, латиноамерикалық және испандық әуен, сонымен қатар, джаз үйлесім тапқан шығарманың өз тыңдармандары бар дейді музыкант.
«Біз Алматыны жақсы көреміз. Бұл – ерекше фестиваль. Шара рухани демалуға мүмкіндік береді. Менің тобымда 3 музыкант өнер көрсетеді. Келушілердің саны былтырғыға қарағанда көп. Адамдар мұндай шараны асыға күтетіндері көрініп тұрады», – деді қуанышын жасыра алмаған мозамбиктік музыкант Чилдо ТОМАС.
Биыл жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған халықтық және заманауи музыка фестивалінің ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп, қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
«Алматы – тек заманауи келбетімен, таңғажайып табиғатымен ғана емес, көне жәдігерлерімен және рухани мұрасымен де бірегей қала. Мұның барлығы қаланың туристік тартылымын арттыра түсетін құндылықтар. Ұлтымыздың бай мәдени мұрасын қайта жаңғырту әлем жұртшылыған кеңінен таныстыру Алматы қаласының, бүкіл Жетісу өңірінің туристік әлеуетін арттыра түседі», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кету керек, фестивальге Эстония, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия сынды елдерден жиналған музыканттар Абай алаңында екі күн қатарынан өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, фестиваль аумағында жәрмеңкелер мен шеберлердің этникалық қалашығы да жұмыс істеді.
Азамат Әуезхан, Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы.