Алматыда Швейцариядан келген профессорлар скрипкадан тегін мастер-класс өткізуде. Іс-шара III Халықаралық камералық музыка фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірлескен жобасы ақпан айының 2-сі мен 8-і аралығында болады. Атап өтерлігі, халықаралық тәжірибеде алғаш рет скрипкашыларға арналған шеберлік сабағы камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтпек.
«Жастардың өнерге деген қызығушылығы ерекше. Мен мастер-кластарды әлемнің көптеген елінде жүргізгенмін. Жапония, Корея сынды елдерге барғанымда 8-10 адамнан отыратын. Ал мында зал күнде лық толып тұрады. Мен таң қалып, мұның бәрі де скрипкашылар ма деп сұрағанымда, басқа мамандықтың да студенттері бар деді. Ұстаздар тарапынан да жаңашылдыққа, жаңалыққа деген ұмтылыс мықты. Сондықтан, бұл дәстүр жалғаса берсе деймін. Себебі, Қазақстанда талантты адамдар көп», – деді Вена консерваториясының және Швейцариядағы жоғары музыка мектебінің профессоры Павел ВЕРНИКОВ.
Скрипкадан шеберлік сыныбы Алматыдағы музыка мектептерінің оқушылары, студенттер мен ұстаздардың кәсіби шеберліктерін арттыруға бағытталған. Айта кетейік, Швейцариядан келген профессорлар шеберлік сыныптарын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткізеді.
«Халықаралық шеберлік сабағы маған қатты ұнады. Мұндай мықты профессорлардан тәлім алу біз үшін үлкен тәжірибе. Әр профессордың өзіне тән үйрету әдісі бар. Әрқайсынан керегімізді алуға тырысып жатырмыз», – дейді студент Ксения МАТЫЦЫНА.