Реэкспозиция жазушының 120 жылдығы қарсаңында іске асты
Алматыда Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйінің жаңа экспозициясы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйі күрделі жөндеуден өтті. Реэкспозиция жазушының 120 жылдығы қарсаңында іске асты. Жаңарған мұражай-үйдің ашылу рәсіміне қала әкімі Ерболат Досаев қатысты, оған алғашқылардың бірі болып жазушының қыздары – Гүлнар мен Гаухар Мүсіреповалар келді.
Күрделі жөндеуден, модернизациядан және реэкспозициядан кейін Ғабит Мүсірепов мұражайы еліміздегі алғашқы заманауи мультимедиялық әдеби орталыққа айналады. Реконструкция және реэкспозиция бойынша жүргізілген кешенді жұмыс жыл сайын мұражайға келушілер санын екі есеге – 22 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Мұражайды жаңарту жұмыстарына музей және архив ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, суретшілер, бейнеинженерлер және т.б. тартылды.Жаңартылған мұражайдың жобасы жазушының туыстарымен келісілді, жобаның тұжырымдамасы мен эскизін Алматы қаласының Мәдениет басқармасы бекітті.
Жөндеу барысында мұражай заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде ақпараттық стендтермен, мультимедиялық жүйемен, контентті сенсорлық басқаруы бар проекциямен, мультимедиялық тач-панельдермен және т.б. жабдықталды. Бұларда құнды әдеби деректер, мұрағаттық материалдар, оның ішінде «Бесеудің хаты», қолжазбалар, фотосуреттер және т. б. көрсетіледі.
Реэкспозиция нәтижесінде әдеби зал қайта жасақталды. Стендтерде жазушының отбасы, балалық шағы, білімі, әдеби жолдың басталуы және т. б. туралы мәліметтер келтірілген өмірі мен шығармашылық жолы ұсынылған. Мұражайда сондай-ақ Ғабит Мүсірепов жазған, оның ішінде «Амангелді», «Қыз Жібек», «Бір рет және өмір бойы», «Қауын» фильмдерін көрсету үшін арнайы кинозал ашылды.
Еске салсақ, Ғабит Мүсіреповтің соңғы 18 жыл тұрған пәтері 1991 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінің бір бөлігі ретінде мұражайға айналған. 1999 жылдан бастап нысан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені болып қайта құрылды. 2015 жылдан бастап мұражай «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамында.
Ғ.Мүсірепов мұржай-үйінің алаңы 114,6 шаршы метрді құрайды. 2 мемориалдық бөлме, 1 әдеби зал бар. Мемориалдық бөлмедегі заттар (жазу үстелі, кітапхана, жеке тұтыну заттары, сыйлық заттары және т.б.) бұрынғы күйінде сақталған.