18 суретшінің туындысы ұсынылған көрме екі апта бойы жалғаспақ
Алматы музейінде «Көңілдің қоңыр күмбірі» атты халықаралық суретшілер көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Щучинск, сондай-ақ, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қырғызстан және Италия секілді шет мемлекеттердің туындылары таныстырылған. 18 суретшінің туындысы ұсынылған бұл көрме екі апта бойы жалғаспақ.
«Шетел және Қазақстан суретшілерінің өздерінің жазған заманауи көркем суреттерін көрсету мақсатында Алматы музейінде осындай халықаралық көрме ашылып жатыр. Жұмыстар әр мақсатқа жазылған. Өте тақырыбы маңызды. Көрген адамға жақсы сезім қалдыратын жұмыстар», – деді қалалық Музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.
Ал, корейлік суретші Лим Джон Ок өмірінің түрлі кезеңдерін суреттеген. Әлемдегі орын алған қиын жағдайға қарамастан өткізіліп жатқан мұндай шаралар суретшілерге көрсетіліп жатқан үлкен қолдау дейді ол.
«Мен мұнда өмірімнің әртүрлі кезеңдерінде жазған туындыларымды әкелдім. Оның ішінде тіпті анамнан айырылған күні салған суретім де бар. Жүректен шыққан туынды жүрекке жететініне сенемін. Келушілердің ыстық ықыласын көру мен үшін үлкен бақыт», – деді суретші Лим Джон Ок (Оңтүстік Корея).