Фильм Денис Теннің сценарийі бойынша түсірілген
Алматыда Денис Теннің жобасы бойынша түсірілген «Соқыр махаббат» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туынды қазақстандық және халықаралық мамандардың қатысумен 2019 жылы Голливудта түсірілді. Фильмде ерекше екі жастың сезімі бейнеленген. Басты рөлдерді сомдаған бойжеткен – мылқау, ал жігіт – соқыр. Олардың арасындағы махаббат әлеуметтік желіде хат алмасудан басталады.
«Алғашында Денистің фильм сценарийімен айналысып жүргенін білмедім. Байқауға өтінім білдіргеннен кейін білдім. Ұлым үшін өте қуандым. Оның бұл іспен де айналысуға дайын екенін түсінгендей болдым», – деді Д. Теннің анасы.
Туынды 28 шілдеден бастап барлық кинотеатрда көрерменге жол тартады. Фильм продюсерінің айтуынша, бұл туындыны алдағы уақытта Оңтүстік Корея мен Жапония мемлекетінде көрсету жоспарланып отыр.
«Бұл фильмнің түсірілімі Дениссіз өтті. Түсірілім барысында Денистің ойындағының бәрін көрсетуге тырыстық. Фильмді шет мемлекеттерде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, Денистің бүкіл әлемде жанкүйері бар», – деді «Соқыр махаббат» фильмінің продюсері Игорь Цай.