Қазақтың Қаршығасына биыл 75 жыл. Белгілі күйші-композитор, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Қаршыға Ахмедияровтың құрметіне бүгін Алматыда ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемориалды тақта сазгердің өзі тұрған үйінің қабырғасына ілінді. Қаршыға Ахмедияров қазақтың күй өнеріне өлшеусіз үлес қосып, әйгілі күйшілердің мұрасын қалтқысыз бүгінге жеткізді. Салтанатты шараға музыканттың жақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де мәдени шараның куәсі болды.
«Жалпы биыл Қаршыға Ахмедияровтың атындағы көшелер еліміздің түпкір-түпкірінде, мына қазір Нұр-Сұлтан қаласында беріліп жатыр және 1-2 жыл бұрын Атырау қаласында еңселі ескерткіші қойылған болатын», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев.
«Бұрынғы бабалардың өнерін әкесі Ахмедияр арқылы бәрін жүрегіне қонақтатқан. Ол алдыменен сол бабалардың аманатын құнттады. Аманатын орындап, солардың кітаптарын шығарды», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаева.
Қаршыға Ахмедияров Атырауда туып, Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген. Кейіннен Мәскеуде дирижерлік курс оқиды. Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, дирижер қызметтерін атқарып, талай шәкірт тәрбиелеп шығарды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері. Оның «Нарын», «Атамекен», «Желдірме», «Сағыныш» сияқты басқа да күйлері мол мұра болып қалмақ.
«Мына бүгін ескерткіш тақта орнаталып жатқан үйде біз 18 жыл ғұмыр кешкенбіз. Қазақтың қара домбырасын алты құрлықтың төртеуіне танытқан адам. Австралия мен Антрактидадан басқа Америка, Азия, Африка, Еуропа сахналарында қазақтың күйі күмбірлеген», – деді Қ. Ахмедияровтың жұбайы Нұрбике Жұмағалиқызы.