Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 100 мың теңгеден аспайды - Ринат Зайытов

05.04.2023 22:26

Елімізде 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар

Almaty.tv

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Осылай деп дабыл қаққан депутат Ринат Зайытов мәдениет, архив және кітапхана жұмысшыларына жағдай жасауды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық қалаулысы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдап, сала мамандарының мұң-мұқтажын жеткізді. Қазір ел бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Депутаттың айтуынша, сала мамандарына ешқандай жағдай жасалмаған.

«Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары. Олар – мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін сахна технигі, костюмер, гример, жарық түсіруші, дыбыстаушы сынды мамандар. Аталған қызметкердің санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алмауы жанға батады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.