Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озғанына 30 жыл болды

01.03.2022 02:10

Алматыда композиторды еске алу жиыны өтті


Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озғанына 30 жыл толды. Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада шәмшітанушылар, әншілер мен даңқты композитордың ізін жалғаған бір топ қауым жиналып, оны еске алды. Саналы ғұмырын саз әлеміне сарп еткен сазгердің жарқын бейнесі сөз болған жиында тың деректер де айтылды.  Ал көз көргендер естелігін бөлісіп, Шәмші өнерінің маңызына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Шәмші – қазақ эстрадасының төлқұжаты. Ол – вальс королі. Оның өнері деген айтылатын осы атаулардан өзге, Шәмшіні қазақ даласын әнұранмен әуелегені үшін бөлек тұтуға, ерек көруге болады. Ел арасында өткен ғасырдың 60-70 жылдары кең тарап кеткен Қалдаяқов мұрасы күні бүгінге дейін сұлу сазын жоғалтқан емес.

«Оның әндері бір бөлек, әзілдері бір төбе. Айтқыштығы, ақындар айтысына қатысқандығы, қыз-келіншектермен ауызекі сөз қағыстырғандығы бүкіл елдің аузында жүр», - дейді сатирик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек.

Ән-ғұмыр. Расында, аты да, ғұмыры да хас өнерге байланған Шәмші өмірі қым-қуытқа толы. Оның өнер биігінде сырға, мұңға айналған ырғақты әндері күллі қазақ даласын алақанына салып аялап келеді. Тербетіп, тебірентіп келеді. Композитордың өлмес мұрасы – 300-ге тарта әні. Ал әр әнінің айрықша тарихқа, бөлекше мәнге толы екені тағы бар.

«Ол кісінің мен бір таңғалғаным, қарапайымдылығы болды. Өте қарапайым еді. Үстінде көнетоз костюм-шалбары болатын, міндетті түрде галстук тағы, тап-таза жүретін», - деп еске алады кинорежиссер Тілеген Ахмет.

Қалдаяқовтың өмірі де, өнері де бүгінге дейін ел аузында, жұрт жадында. Ырғаққа ғана емес, әр әннің әрбір сөзіне мән беретін композитор расында мін тағылмайтын, сын айтылмайтын, керісінше, әр мерекенің төрінде шырқалатын өлмес өнер туындысын қалдырды. Сондықтан болар, Шәмші аға мен Ән аға ұғымы әлдеқашан астасып кеткендей.

Қайрат Советбекұлы, Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы