Елордада «Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің премьерасы өтті

22.12.2021 20:44

Туындының түсіріліміне отандық кинорежиссерлер мен танымал актерлер қатысқан

Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда «Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Туындының түсіріліміне отандық кинорежиссерлер мен танымал актерлер қатысқан. Комедия жанрындағы фильм қалың көрерменге ұнады. 23 желтоқсаннан бастап туынды барлық кинотеатрларда көрсетілетін болады.  

«Біз фильмде таңдау еркіндігі мәселесін көтердік. Мысалы, кей жағдайда ата-аналары баласының орнына таңдау жасап, қалай өмір сүру, кімге үйлену керек екенін шешіп жатады. Бұл маңызды мәселе. Жастар мен үлкендердің арасындағы түсініспеушілік, жанжал да осыдан шығады», – деді фильмнің режиссері Ален Ниязбеков.

Киноны түсіруге 40 адам жұмылдырылыпты. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен облысында жүргізілген. Туынды арқылы еліміздің көрікті жерлері де көрсетіледі. Кинофильм бір ұл, үш қыз тәрбиелеген ақсақалдың отбасындағы оқиғадан өрбиді.

«Бұл фильмдегі жағдай кей қазақстандық отбасыларда кездеседі. Мысалы, әкесі басқа ұлттың өкілі, шешесі қазақ болуы мүмкін. Болмаса керісінше дегендей. Сондай отбасылар осы фильмді көрсе, көптеген сұрақтың жауабын өздері де тауып алар еді», – дейді кино және театр актрисасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Шынар Асқарова.

«Әкесінің ұнататын көршісі – батыр, қазақи. Аттың үстінде нағыз нар тұлғалы қазақ батырының бірін сомдайды. Сол кезде түсірілім алаңында аттың үстінде әдемі секіріп түсетін кезде мен қолымды қойып қалып, сүйегім шығып кеткен жағдай да болған», – дейді актер Олжас Әлжанов.