Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры көрерменіне тың тарту ұсынады. Өнер ордасына Атыраудан келген әртістер апта бойы өз репертуарындағы негізгі қойылымдарын сахналайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қош бол, Қараой» спектаклі белгілі жазушы Тәкен Әлімқұловтың әңгімесі негізінде сахналанып отыр. Оқиға желісі Махамбеттің төңірегінде өрбіп, қойылымда батыр өмірінің соңғы күні, азапты, ауыр күйзелісі бейнеленеді.
«Махамбеттің ержүректігі, оның Исатайға деген адалдық, дос ниеті, шын көңілі, халқына деген жанашырлығы және өзіне сатқындық жасаған Ықыластың әрекетіне сенбеуін көрсетуге тырыстық», – деді Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының актеры Нұршат Аралбай.
Сахна шымылдығын ашуға белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері қатысып, қос театрдың жұмысына сәттілік тіледі. Айта кетейік, Махамбет атындағы Атырау облыстық театры Алматыға араға 4 жыл салып, екінші мәрте келіп отыр.
«Бүгін «Қараой» спектаклі, ертең Шекспирдің «Ричард 3» трагедиясы бар. Алматылық көрермендерге ұнайды деп ойлаймын», – деді Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының бас режиссері Жанат Телтаев.
Атыраудың Махамбет атындағы академиялық театры әкемтеатр сахнасында 5 қойылым қояды. Отандық және әлемдік авторлардың шығармасын негізге алған қойылымдар түрлі жанрда сахналанбақ.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы