Қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарының атауын білесіз бе

Сурет: e-history.kz
Сурет: e-history.kz
Шеберлер туындысының өзіндік мән-мағынасы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарының өзіндік мән-мағынасы бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Асыл металдардан көп жағдайда алтын мен күмістен қымбат тастармен безендіріп бұйымдар жасалады. Қазақ қолданбалы өнер туындылардың шығармашылық бейнесіне көркемдік тіл ықшамдығы және сәндеу шешімдері тән. Қазақ шеберлерінің қиялында жан-жануар, аң мен құс бейнеленеді.Түрлі сәндік композициялар әйел адамның әшекейлерінен көрініс тапқан. 

Тұмарша (Бойтұмар)

Бұл – ырымдық зат. Бойтұмарға жазу жазылып, бедер суреттер түсірілген. Қыз-келіншектер оны алқаға, кішкене қорапшаға, әмиянға салып жүрген. Болмаса былғарыдан, шүберектен жасаған қалташаға тігеді. Тұмарша -  көз тиюден, пәле-жаладан, апаттан қорғайды деп сенген.

Жүзік сақина 

Әйелдердің саусағына тағылатын зергерлік бұйымның бір түрі. Жүзік немесе сақинаны зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қара ала жүргізіп шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрін жасаған. Сақинаның отау жүзік, құс мұрын жүзік, тасбақа жүзік секілді т.б.түрлері бар.

Шолпы шаш теңге 

Бұл бұйымды қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағады. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында киелі санның бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан ұзақ жалғасып, шаштың ұшына бірге өріледі.

Шашбау 

Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.

Білезік 

Білезік сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік деп бөледі. Олардың ішінде шынжырмен жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Оларға неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, бұрала ширатып әсемдеген. Мұндай әшекей көбіне күмістен соғылады.

Сырға 

Қыз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдарының бірі. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға,шашақты сырға деп әр өңірде алуантүрлі аталатын сырғалардың түрлері өте көп.

Қапсырма 

Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылады. 

Алқа 

Оны өңіржиек деп те атайды. Алқа бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.

Әр әшекейді тағатын өзіндік тәртіп пен талабы бар. Шолпы мен шашбауды бойжеткендер таққан. Тұрмыстағы келіншектер көбіне қапсырма, сақина, білезік пен ай сырғаны тағынған. Қазақ халқының зергерлік өнері Алтайдан Оралға және Сырдариядан Солтүстік орман далаларына дейінгі жерлерін мекендеген көшпелі халықтар мәдениетінің дәстүрі негізінде қалыптасты.

Археологиялық қазбалар жүргізген кезде осы аталған аймақтардан алтын, күміс, қоладан жасалған, қымбат тастармен әшекейленген ескерткіштер табылған. Ғалымдар мен археологтар табылған заттар арқылы қазақтың зергерлік өнерімен салыстырып, түрлі-түсті асыл тастарды, алтынды пайдалану тәсілдерінің сол уақыттан бері келе жатқанын анықтаған.

Оқи отырыңыз: Күйеу қалыңдықтан себепсіз бас тартса, берілген мал қайтарыла ма

Новости партнеров