Балалар әдебиеті: Елімізде аудармашы жоқ

26.09.2022 22:37

Іс-шараға 10 елдің өкілі қатысты

Almaty.tv

Елімізде балалар әдебиетін жандандырып, өзге тілдегі шығармаларды қазақша сөйлететін аудармашылар жоқ. Оның үстіне, кітап та тиісті деңгейде оқылмайды. Бұл It технология, ғаламтор мен смартфонның әсерінен болуы мүмкін. Мұндай пікір бүгін Алматыда өткен «Көп мәдениетті әлемдегі балалар мен кітаптар» атты халықаралық конгресте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға 10 елдің өкілі қатысып, кітап оқуды насихаттау, заманауи балалар әдебиетін аудару мәселелерін талқылады. Қатысушылар алқалы жиынның ұлттық құндылықты сақтауға қосатын маңызы зор дейді. Іс-шара екі күнге жалғасады.

«Балаларға арналған шығармаларды қазақ тілінде табу қиын. Орысша жазылған туындылардың міндетті түрде қазақша аудармасы болуы керек деп ойлаймын. Жалпы әлем тілдеріне де аударылса керемет болар еді. Уақыт бір орында тұрмайды. Аударма шыдамдылық, шапшаңдық пен кәсібилікті талап етеді. Елімізде жеке аудармамен айналысатын тұлғалар бар. Бірақ мықты мектеп жоқ. Аударма бұл тек мәтінді ғана емес, автордың жан-дүниесін түсіну емес пе?! Алдымызда осындай мәселелер тұр», – деді  филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жемма Аманжолова.