XYIII ғасырда қолдан жасалған көне кітапты қалай қалпына келтіруге бола ма

14.10.2022 22:37

Ұлттық кітапхана қордағы 7 миллионнан астам кітап пен құжат бар

Almaty.tv

Ұлттық кітапхана реставраторлары арнамыздың тілшілеріне XYIII ғасырда қолдан жасалған көне кітаптың қалай ретке келтірілгенін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазынаға толы киелі ошақтағы кітапханашылардың еңбегі көбіне көзге іліне бермейді. Ұлттық кітапхана қордағы 7 миллионнан астам кітап пен құжат бар.

Өркениет қанша дамыды дегенімен білім мен парасат ордасы саналатын кітапхананың орны, оның қоры бәрібір құнын жоғалтпайтыны анық. Ал сол қазынаны көзінің қарашығындай сақтап отырған кітапханашылардың еңбегі - бөлек әңгіме.

Қалпына келтірілуі тиіс кітаптар мен құжаттар мынадай арнайы зертханаға келіп түседі. Ең бірінші зақымданған кітаптарға биологиялық тұрақтандыру жұмыстары жүргізіледі екен.

«Әрине, дұрыс айтасыз. Алдарыңызда тұрған паратимолдық камера деп аталады. Біздің қызметке түскен құжаттың бәрі ең алғаш осы камерада дезинфекция, дезинсекция процестерінен өтеді. Осы камерадан алынғаннан кейін құжаттар мына тимол химиялық деген заттың иісі қатты шықпауы үшін алынып, кептіріледі», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің реставраторы Аида Шоманова.

Бүлінген кітаптар арнайы ауа сорғыш сөреге әкелініп, өңдеуден өтеді. Шаң-тозаңнан, шылау, шіркейден щетка, скальпель сияқты құралдардың көмегімен тазартылады. Көгерген жері не дақтары болса арнайы ерітіндімен сүртіледі.

«Әрі қарай физикалық-химиялық тұрақтандырудан өтеді.  РН-тестер дейді, арнайы құралмен  парақтың қышқылдығын тексереміз. Оның қышқылдығы көп болған жағдайда «букипер» деген ерітіндімен қышқылдығын тұрақтандырамыз. Қышқылдығы өте жоғары болған жағдайда сарғайып, ескіреді», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің реставраторы Аида Шоманова.

Осындай бірнеше сатылы өңдеуден өткен құжаттың бәрі мұқабасын жаңартуға, парақтарын түгендеуге, жалпы толық қалпына келтіруге келесі бөлімге жіберіледі. Ал мұнда бес саусағынан өнер тамған шеберлер шоғырланған. Ұшы-қиыры ажыраған қағаздарды олар қолмен түптейді.

«Бізге кварталға 800-ге жуық кітап келіп түседі. Әрине әр кітапқа жаңа өмір сыйлау қиын деп ойлаймын. Өйткені кітаптың жасалу әдістері әртүрлі болып келеді. Мысалы мынау дәптер әдісімен тігіліп, қайта жасалатын кітап. Керек кітаптарға мынадай өзімізде жасалатын мәрмәр қағаздармен өңдеп, кітапқа екінші өмір сыйлаймыз», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің реставраторы Аида Шоманова.

Әр кітап өзінің ерекшелігіне қарай әртүрлі уақытта қалпына келтіріледі. Мақсат – оқулықтың бастапқы келбетін сақтап, оқырманға бүтіндей ұсыну. Мұнда ескі газеттер де реттеледі. Басылымдардың жыртылған бөліктерін тауып, бір-біріне жалғау да осы реставраторлардың мойнында.

1762 жылы Францияда қолдан жасалған басылым кітапхананың сирек қорынан алынған. Қазір консерватор мамандар қалпына келтіріп жатыр.

«Бұған дейінгі жағдайы әбден ескірген, тозығы жеткен. Кітаптың жиегі де әбден мүжіліп, қисайған, жыртылған. Біз араларын ашып, желімдедік. Жапон жібекше қағаздарымен айнала көмкеріп, ұннан дайындалған желімменен жапон қағазымен көмкердік», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің реставраторы Гүлнәр Ұзынжасова.

Көне кітаптың мұқабасынан тек мүжілген бөлшектері қалған екен. Реставраторлар тұпнұсқадан жеткен бөліктерін сақтап қалудың әдісін көрсетті. Теріні жылы суға салып жібітіп, кептіріп, табиғи желіммен кітаптың қырына шаптады. Сырттан қарағанда сөрелерде самсап тұратын кітаптарды сақтау –  осындай мехнатты еңбектің жемісі.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықова, «Алматы» телеарнасы