«Жастар Батырханның деңгейіне жетуге тырысуы керек»: әншінің дүниеден өткеніне 5 жыл толды

29.04.2020 в 05:00

Көзі тірі болғанда дарын иесі 58 жасқа толар еді

ашық дереккөз

Бүгін әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтың дүниеден озғанына 5 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Көзі тірі болғанда дарын иесі 58 жасқа толар еді. 2015 жылы дәл осы күні музыка өнері өзінің қайталанбас тұлғасын жоғалтты. Әріптестері мен достары оның өмірде жайдары, жарқын мінезді болғанын айтады. Қазақтың маңдайына біткен ерекше талант иесінің шығармашылық жолын тағы бір еске алайық.

Батырхан Шүкенов өзінің нағыз талантты музыкант екенін «A`Studio» тобында өнер көрсетіп жүрген кезінде-ақ дәлелдеп үлгерді. Ол тек әнші ғана емес. Батырдың ақындық, һәм композиторлық қасиеті де бар еді. Өзі құрған «A`Studio» тобында 12 жыл өнер көрсетіп, 2000 жылдардың басында жеке шығармашылықпен айналысты. Топтан кеткен соң оның биік белестерге көтерілетініне күмән келтіргендер көп болған. Бірақ ол қиындықтың бәрін артқа тастап, Ресейдің үлкен концерт залдарында бірнеше мәрте жеке шығармашылық кешін өткізген еді.

«Қазіргі кезде біздің жастарымыздың арасында талантты, өнер жастары бар. Әрине, әрқайсысы өнер жолында өзінің алғашқы қадамын жасады. Барлығы Батырханға  еліктеп, Батырханның жолымен жүріп, Батырханның деңгейіне жетуге тырысуы керек. Сонда біз өнерімізді жоғары деңгейге көтереміз», – деді  Қазақстанның Еңбек ері Роза РЫМБАЕВА.

Батырхан Ресейдің «Один в один» тележобасынан оның актерлік қабілетін көрсеткенде, талай көрермен таңдай қақты. Сол жобада 10 астам адамның рөлін асқан жауапкершілікпен орындап шықты. Әнші Сезария  Эворидің кейпінде шыққанда қазылар алқасы көзіне жас алған еді.

Белгілі өнер қайраткерінің нақ бейнесі мен дауысын айнытпай салды. Көрерменді сендіре алды. Ол өмірінің соңғы уақытында осы жобада өнер көрсетіп жүрген кезі еді. Бірақ әншінің өзі дәл осы бағдарламаны телеарнадан тамашалай алмай кетті. 2015 жылы Мәскеудегі үйінде оның жүрегі мәңгіге тоқтады.

Батырханның достары көп болатын дейді дәмдес болғандар. Марқұмның әр кез өзі күліп, өзгеге де қуаныш сыйлағысы келетін басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеті де болған.

«Мен Батырды көңілді адам ретінде еске алғым келеді. Өйткені оны көңілді адам ретінде білемін. Оның қалжыңдай алатыны, елді күлдіргісі келетіні, қуаныш сыйлағысы келетін ерекше қасиетін бағаладым, бағалаймын да. Батырхан өзінің әндерімен біздің жүрегімізден ешқашан кетпейді», – деді тележүргізуші  Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ.

«Мен Батырханмен қайырымдылық концертте танысқан болатынмын. Ол балалар мен сол шараның соңында ән шырқады. Қазір ойласам, сол сәт мен үшін және қасымдағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін үлкен мақтаныш. Себебі біз тек Қазақстанға ғана емес, әлем мойындаған дарын иесімен бір сахнада ән шырқадық. Әр жылдары оны еске алу мақсатында Алматы және өзінің туған жері Қызылордада шығармашылығынан әндер орындалады. Жалпы туындыларынан 15 альбомы жарық көрді», – деді «Еркін мейірімділік қоғамдық қоры» жетекшісі Аружан САИН.

Батырхан Шүкеновтың суреті бұл тұрғын үйге салынуы бекер емес. Осы үйде оның жақын досы әрі А-Студио тобының жетекшесі Байғали Серкебаев тұрған еді. Ол осында жиі келетін. Батырхан өмірден ерте кетті. Тірісінде-ақ халықтың сүйіктісіне айналып үлгерген қайталанбас тұлға. Артында шағармашылығы, өшпес туындысы қалған кезде, ол ешқашан өлмек емес.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы