Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл: Алматыда халықаралық-ғылыми конференция өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Басты мақсат – Әуезовтанудың аясын әлемдік аренаға шығару
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Қазақтың заңғар тұлғасы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл. Осыған орай Алматыда халықаралық-ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» деп аталған іс-шараға алыс-жақын шет елдерден ғалымдар мен жазушылар қатысып, баяндама оқыды. Басты мақсат – Әуезовтанудың аясын әлемдік аренаға шығару.

Мұхтар Әуезовтың жастық шағы мен шығармашылық ғұмыры алып шаһар Алматыда өтті. Кемеңгер қаламгер 40 жылға жуық уақыт осы Алматыда тұрды. Бұл жазушының өнегелі еңбек еткен ең жемісті жылдары еді. Оның Қазақстан жазушылар одағында құдіретті үні қалды, бірнеше жоғары оқу орындарында оқыған дәрістері сақталды. Іс-шараға арнайы келген қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев оның әдебиет саласындағы ерен еңбегіне ерекше тоқталды.

«Алматыда Әуезовтың жүрген ізі, қолының таңбасы сіңген үйі ғана қалған жоқ. Ең бастысы салып кеткен дәстүрі, өшпейтін өнегесі, әлемдік өркениетке үдеп тұратын құдіретті сөзінің рухы сақталды. Халқымыздың рухани киесі болып саналатын Әуезов мұрасы – ұлтқа қызмет етудің руханиятымызды ардақ тұтып, Абай жолынан жаңылмаудың, тарихқа тағзым етіп, келешекке бағдар ұстанудың оқулығы», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығы егіз ұғым. Олар әдебиет әлеміндегі миссиясын толық атқарып кетті. Бүгінгі конференцияға шеттен келген арнайы қонақтар екі алып тұлғаға осылай деп баға берді.

«1950 жылдары біздің ауылда шағын кітапхана болды. Сол кезде ауыл жастары ондағы 3 кітапты жарысып оқитынбыз. Олар: «Тихий дом», «Абай жолы» және «Замок броуди». Міне осылайша біз Әуезовты бала кезден оқып өстік. Кейіннен ғылым жолына түсіп, әдебиетпен айналысқан кезде де Әуезов шығармашылығы арқылы бағытымызды айқындап отырдық», – деді жазушы, баспагер (Ресей) Георгий Пряхин.

Бұл Оңтүстік Кореядан келген арнайы қонақ. Соңғы бес жылдықта қазақ әдебиетіндегі бірнеше поэма мен үздік туындыларды корей тілінде сөйлетіп жүр. Олардың қатарында Абай мен Әуезов те бар.

«Қазақ әдебиетін корей тіліне аудару жұмысы менің шығармашылығымдағы ең ауыр кезең деп айтар едім. Себебі, екі елдің мәдениеті мен тілі, діні мүлде екі бөлек ұғымдар. Дәстүріміз де сәйкес келмейді. Оның үстіне қазақ тіліндегі сөз мағынасы өте терең екенін аңғардым», – деді аудармашы, жазушы Ким Бён Хак

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты соңғы жылдары қазақ және әлем әдебиетінің байланысын нығайту жұмыстарына аса басымдық беріп келеді. Бүгінгі Алматыда өткен халықаралық ғылыми іс-шара соның айқын дәлелі.  

«Көркем әдебиеттің, жаңа әдебиеттің негізін қалаған Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевпен бірге қатар өмір сүрген, қаламдас, үзеңгі жолдас болған Мұхтар Әуезов. Ол Алаштың аман қалған жалғыз тұяғы ғана емес, Алаштың бүкір әдеби дәстүрін қазақ топырағына әкеп орнықтырған», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

«Абай жолын жазу үшін көшпенділердің тағдырын жүрегімен қабылдау,  ол – трагедия. Мұхтар Әуезов осыны қабылдай білген азамат болды. Ол – ұлы тәрбиеші, ұлы күрескер», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

Жиын соңында жазушының туындылары жаңартылған 5 кітаптың тұсауы кесілді. Олардың қатарында Қырғыздың батырлық эпосы «Манас», «М. Әуезовтің Оңтүстікке сапары» және «Америка әсерлері» атты арнайы шығарылымы бар.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров