Апталықта отандық дизайнелер күз және қыс маусымдарына арналған киім топтамаларын ұсынды. Республика сарайында өтіп жатқан үш күндік шарада отандық 21 дизайнер өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық дизайнерлер арасынан өз топтамасын ең алғаш болып белгілі дизайнер Аида Кауменова көрсетті. Сәнгердің топтамасында ыңғайлы әрі сәнді киімдер көп екен. Түстері де ашық-жарқын. Әсіресе оның топтамасында жасыл түсті киімдер көп екен. Дизайн саласының майталманы бұл шараға алғашқы маусымнан бері қатысып келеді.
«Мен бұл маусымда органза матасынан тігілген заттарды ұсынамын. Ол замануи қыз-келіншектер талабына сай, жеңіл әрі жиырылмайды. Сән апталығына табиғи маталар негізгі арқау болды және биылғы үрдіс робот пен ертегідегі эльф бейнесінің қосындысы деп айтуға болады», – деді дизайнер Аида КАУМЕНОВА.
«Бұл шараны ұйымдастырып келе жатқанымызға 15 жыл болды. Осы уақыт аралығында отандық дизайнерлер 60-тан астам бренд шығарды. Шоу-рум арқылы танылғандардың саны 300-ден асып жығылады. Елімізде сән бар. Дизайнерлеріміз сан-түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы ерекше киім үлгілерін ұсынып келеді», – дейді Kazakhstan Fashion Week жобасының негізін қалаушы, жобаның бас продюсері Саят ДОСЫБАЕВ.
Сән апталығы аясында «VIII жас дизайнерлер, стилист және визажистер» байқауының ақтық кезеңі өтіп жатыр. Мұнда әр сала бойынша 10 үміткер бағын сынады.
«Байқауға қатысушылар этноконструктивизм тақырыбында жұмыстарын ұсынуы қажет. Сайыскерлер бір киім үлгісі арқылы әлемді қалай қабылдайтынын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, стилист пен визажистер арасында да үздігін анықтаймыз», – дейді Kazakhstan Fashion Week жобасының пиар-директоры Ботагөз АЛДОҢҒАРОВА.
Айта кетерлік тағы бір жайт, биыл алғаш рет апталық аясында суретшілер де өз еңбектерін көрсетті. Қылқалам шеберлерінің сатылымға қойылған жұмыстары 7 мың теңгеден бастап, миллион теңгеге дейін бағалануда. Сән апталығы дизайнерлердің жаңа киім үлгілерін көпшілікке көрсетіп, өзара тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын алаң екені даусыз.
Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.