Бұл жаңалық Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кішкентай Дамбо есімді піл жайындағы киноның тұсаукесері кезінде белгілі болды
Биыл «Уолт Дисней» компаниясының бірден төрт туындысы қазақтілді көрерменге жол тартпақ. Әлем сүйсіне қарайтын мультфильмдер мен фильмдердің ана тіліне тәржімаланатынын «Болашақ» корпоративтік қорының өкілдері сүйіншілеп айтты. Бұл жаңалық Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кішкентай Дамбо есімді піл жайындағы киноның тұсаукесері кезінде белгілі болды. Қос қалада қазақтілді аудиторияның алғашқы легі аталмыш туынды жайында өз пікірлерімен де бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кішкентай піл Дамбо жайында киноның тұсаукесеріне елордада келушілер көп болды. Әсіресе, кішкентай көрерменнің саны көп. 1942 жылы «Уолт Диснейдің» көпшілікке жол тартқан «Дамбо» мултьфильмі талай буынның көңілінен шығып, «Оскар» сыйлығы мен «Канн» фестивалінде жеңімпаз болған. Енді Дисней оған жаңаша леп беріп, толыққанды киноға айналдырды. Ал туындыны ана тілімізде сөйлеткен – «Болашақ» корпоративтік қоры.
«Бүгін 28-ші Диснейдің блокбастері Қазақстанда көрсетіліп отыр. Біз Голливуд фильмдерін тікелей ағылшын тілінен қазақшаға осы жылдары ең бірінші болып дубляждап жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
28-ші туындыдағы басты кейіпкер – Дамбо анасымен бірге циркте өнер көрсетеді. Бірақ ол басқа пілдерден өзгеше. Құлағы үлкен. Сондықтан цирктегі жануарлар оны «Қалқанқұлақ» деп мазақтайды. Бұл әрине, енді өмірге келген пілге ауыр тиеді. Дегенмен, жақын досы Тимоти мен анасы оны қорғаштап, туабітті кемістігін қанатқа айналдырады. Иә, ол ең алғаш ұшатын пілге айналады. Ана махаббаты, достық пен қайсарлық пен табандылық насихаттаған киноны тамашалағандар дән риза.
«Маған» «Дамбо» қатты ұнады. Диснейдің осы туындысын қазақша көргеніме қатты қуаныштымын», «Өз тіліміздегі фильмдерді көбірек әрі сүйіспеншілікпен көрсек, ана тіліміз де жақсарады. Бір жағынан бұл мектепке де көмегі бар. Тағы да бұл фильмде көбіне адамның өз анасына деген махаббаты туралы айтылған», «Қазақ тілін дәріптеу керек. Осылай фильмдер арқылы қазақ тілімізді одан да биікке самғатуымыз керек», – десті көрермендер.
2011 жылдан бері Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға кіріскен қор көп туындыны ана тілімізде шығаруға ниетті. Бірақ бәрі қаржыға байланысты дейді. Қор шамамен, 30 фильмге 5,8 миллиард доллар жұмсаған. Барлық қаржы серіктестер мен демеушілердің қалтасынан бөлінген.
«Бұл жоба қаржы табу көзі емес, идеологиялық түрде қолданалатын жоба. Бүгін біздің жұмысқа мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Біз толықтай серіктестер мен демеушілердің көмегімен дубляж жасаймыз. Біздің ойымызша, қазақ тілін насихаттайтын жауапты мемлекеттік органдар алдағы уақытта жасайтын дүниеміздің маңыздылығын түсініп, көңіл бөледі», – деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара ЧАЙЖҮНІСОВА.
Ал дубляждаушылар «Дамбоның» көпшілікке ұнайтынына сенімді. Мамандар кішкентай пілдің хикаясын отбасымен келіп көруге кеңес береді. Айта кетейік, әрбір фильмдегі кейіпкерге дауыстауға 5-6 адам үміткер болған.
«Дамбо» балаларға өте қызықты фильм болмақ. Себебі, дубляждың кезінде менің өзім де қызығып тұрдым. Бұл фильмнің мультфилім нұсқасын бала кезімізде көрдік қой. Енді оның фильм ретінде шығуы тіптен қызық болады деп ойлаймын. Ал қиындық жағынан келсек, бұл синхронды дубляж», – дейді дубляж актрисасы Арай ОМАРОВА.
«Дамбо» фильміне әйгілі Тим Бертонның режиссерлік еткенін айта кеткен жөн. Ал биыл «Болашақ» корпоративтік қоры «Уолт Диснейдің» тағы төрт туындысын қазақ тілінде дубляждауды жоспарлап отыр.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана