Алматыда Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл қарымды қаламгердің туғанына 100 жыл толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күнгейде күн кешкен кемеңгер. Алматыда майдангер жазушы, қазақта детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңес Үкіметі кезінде көп нәрсенің бақылауда болғаны мәлім. Әскери өмірдің құпиялары, ішкі істер қызметіндегі оқиғалар елге жария бола бермейтін. Осы тақырыпты арқау еткен, детектив жанрының қыр-сырын аша білген бірден-бір тұлға Кемел Тоқаев болатын. Оның көзін көргендер жауынгер қаламгерді осылай еске алады.

– Бұл кісі куә болған оқиғалардың негізінде шығарма жазды. Бала кезімізде ол кісінің шығармаларын жата-жастана оқитынбыз. «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға» деген сияқты шығармаларын жастар сүйіп оқитын. Сол кезеңде бұл кісі ең көп оқылатын жазушылардың қатарында болды. Мәселен орыс тілінде аударылған кітабы 500 мың таралыммен таралған, – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

1941 жылы қазақ тарихында нәубет жылдар өтті. Буыны қатпаған өрімдей жас жігіттер майдан даласына өз еркімен сұранып барды. Олардың қатарында - Кемел Тоқаев та бар еді. Ол Фрунзе жаяу әскер училищесінде білім алып, Сталинград майданына жіберілген. Онда 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болды. Кейіннен ауыр жарақат алып, әскери госпитальға түскен.  

– Кемелдің соғысқа баруына 1942 жылғы ағасы Қасым Болтаевтың соғыста қайтыс болуы себеп болды. Ол әке-шешесі, бауырлары өмірден өткеннен кейін, әскери училищені аяқтамай, қолына куәлігін алмай, соғысқа аттанады. Міне өрімдей жас жігіттің басынан өткен оқиғалары, оның Беларусь, Польша, Украина жеріндегі ерлігі шығармаларына арқау болды, – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Гүлжахан Орда.

Кемел Тоқаевпен Жазушылар одағында қызметтес болған филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш «мінезі сабырлы, сөзі салмақты болатын» дейді. Соғыс шебінен шығып, әдебиет майданына енген жауынгер жазушының шығармалары шынайылығымен, оқиғаны оқырманға шебер жеткізе білетінімен ерекшеленетін деп еске алады.

– Келбетті кісі еді. Шашын мұнтаздай етіп қайырып қояды. Майданнан алған жарақаттың әсерінен бір аяғын сылтып басатын. Екі рет жараланған. Көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі еді. Сөйлеспейтін себебі - детектив жазу ғой. Оған деректерді, фактілерді архивтерден алатын. Ал архивке көптің қолы жете бермейді, – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш.

Қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай жер-жерде түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Оның шығармалар жинағын қайта басып шығару мен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру мерейлі мереке аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардың бір парасы ғана.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Детектив және шытырман оқиғалар кеңесі құрылады - Мереке Құлкенов

Новости партнеров