Жобаның дайындық мерзіміне 6 айдай уақыт кетіпті
Алғаш рет қазақстандық балалар киімі дизайнерлері мен модельдерін басқа елдерге таныту мақсатында ұйымдастырылған бұл жоба өз кезегінде Қазақстанның халықаралық сән аренасына шығуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталған іс-шараға еліміздің танымал балалар киімі брендтерінің біршамасы қатысып, әр түрлі маусымдағы жаңа киім үлгілерін көрермендер назарына ұсынды. Кейбір балалар киімдерінің үлгілері қазақи нақышта да жасалынған. Ал, сән көрсетіліміне қатысқан модель-балалардың жас ерекшелігі 3-жастан 16-жасқа дейінгі аралықты құрайды екен.
«Біз Еуразия кеңістігінде еліміздің дизайнерлерін және модельдерін танымал етуді мақсат етеміз. Біздің шоу-румға «Celebrity model group» арт-модельдік агенттігінің балалары және Еуразиядан, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден танымал дизайнерлер қатысып жатыр», - деді «CRYSTAL GENERATION» жобасының жетекшісі Ләззат МАМЕДОВА.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, дайындық мерзіміне 6 айдай уақыт кетіпті. Десе де, іс-шараға әйгілі әншілер мен музыканттар қатысып, модельдер көрермендер көзайымына айналды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген іс-шара аясында қонақтарға шоу-рум көрсетіліп, жас дизайнерлер мен сән индустриясының жанкүйерлері үшін мастер-класстар да ұйымдастырылған. Бұл жобаның мақсатын адами құндылықтар тұрғысынан түсіндірген отандық әнші - жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартады.
«Ең бастысы - балаларды кішкентай кезінен баста өз-өзіне сенімді болуға үйрету. Нақтылай кетсек, әрдайым ізденіс үстінде болып, дамып отыруы қажет. Жасөспірімдерді кішкентай кезінен жұмыс істеуге, бірдеңе жасап, бос уақытын пайдалы өткізуге икемдеуіміздің өзі игі іс. Сондықтан бұл шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу», - деді әнші, продюсер Бахтияр МАМЕДОВ.