Тәттігүл Картаева еңбекті жазу үшін өңірді зерттеуге 10 жылдан астам уақытын арнаған
Бүгін Алматыда этнограф Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалым бұл еңбекті жазу үшін өңірді зерттеуге 10 жылдан астам уақытын арнаған. Кітап 3 мың дана болып басылып, еліміздің барлық өңіріне таратылды. Ал бесеуін этнограф Ұлттық кітапханаға табыстады. Ғылыми еңбектің этнограф, тарихшы және әдебиеттанушылармен қатар, осы салада оқитын студенттерге де берері мол. Кітапты қалың көпшілік те ұлттық дүниетанымды, қазақы болмысты жақынырақ тану үшін оқуына болады. Ал автор бір өңір арқылы байырғы дәстүрлі тұрмысты зерттеуге тырысқанын айтады. Оның айтуынша, бұл ізденіс ары қарай да жалғасады.
«Зерттеу еңбегі қазақ жерінің белгілі бір өңірін Сырдария өзенінің төменгі ағысы Аралдың оңтүстік және солтүстік шығыс бөлігіндегі дәстүрлі қазақ тұрмысын зерттеуге бағытталған. Қазақ жері өте үлкен. Сондықтан, бізде аймақтық ерекшелік бар. Ол аймақтық ерекшелік дәстүрлі тұрмысымыздан да, шаруашылығымыздан да, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыздан да көрінеді. Бізде қазақтың әр өңірінің өзінің тілдік те ерекшелігі бар. Осының бүкіл түп тамырыменен, себеп-салдарыменен түсіндіреді», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Тәттігүл Картаева.