Алматыда қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті

Алматыда қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті
«Ұлыстың рухы» атты бағдарламалар кешені аталған өнер ордасында жыл сайын өткізіліп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тек көрме жасап қана қоймай, келушілерге шеберлік сағатын ұйымдастырған музей қызметкерлері «Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық рухты дәріптеу – маңызды» дейді. 

«Ұлыстың рухы» атты бағдарламалар кешені аталған өнер ордасында жыл сайын өткізіліп келеді. Ұрпақтар сабақтастығында ұлттық құндылыққа баулып жүрген ұйымдастырушылар өз қонақтарына бау тоқып, киіз басуды, сазбалшықтан бұйым жасап, өрнек тоқуды да үйретті. Бір қызығарлығы, келушілердің қатары сағат сайын көбейіп, ұсынылған түрлі іс-шараларға белсене қатысты.

«Қазақстан өзінің салт-дәстүрімен, өнерімен танымал ғой. Міне, енді немерелерімнің үйренгенін қалаймын. Мына жерде бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Қуанып жүрміз», – деді қала тұрғыны Ольга Дегтяренко.

«Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада ерекше көңіл-күйге бөленіп жүрміз. Келушілер де мәз, балалар да шабыттанып жүр. Мейрам екені кәдімгідей сезіледі», – деді қала тұрғыны Наталия Баженова.

Қонақтардың көбі – балалар. Бұл дегеніміз–қазақы өнермен сусындап, қол еңбекке қызығатын жаңа буынның аз емесін көрсетеді. Ұйымдастырушылар да осыны айтып отыр. Өйткені, балдырғандар тек бақылап қоймайды, олар үйренгенін көңілге тоқиды.

«Бәрімізге белгілі, осы екі жыл бойы біз карантинде отырдық. Соның есебінде ме екен, келушілер қолөнерді сағынып қалған. Енді біз бұл жерге келушілерге көңіл-күй көтері, әр-түрлі іс-шараларымыз жалғасады осы екі күннің ішінде», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің қызметкері Гүлнар Жұбаниязова.

Мемлекеттік өнер музейінде аталған іс-шара ертең де жалғасады. Айта кету керек, мұнда қолөнерден бөлек, балалар үшін арнайы пленэр мен квест ойындары, сондай-ақ мұражайға тегін экскурсия мен сурет көрмесі де ұйымдастырылған.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров