|
01.03.2024 | 14:14
6044

Алматыда «Етік киген мысық» ертегісінің қойылымы көрсетіліп жатыр

Қойылымды тамашалауға келген балақайлар тіпті қиял әлеміне саяхат жасағандай болып қайтады

Алматыда «Етік киген мысық» ертегісінің қойылымы көрсетіліп жатыр Almaty.tv

Жансызға жан бітіру – үлкен өнер. Шарль Перроның әлемге әйгілі «Етік киген мысық» ертегісі Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының көрерменін қуантуға әзір. Қойылым осы аптадан бастап көрсетіліп жатыр. Бұл туынды – белгілі театр актері Болат Момынжановтың режиссер ретіндегі алғашқы жобасы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Болат Момынжанов театр сүйер қауымға кеңінен танылған «Каштанка», «Макбет», «Буратиноның шытырман оқиғасы» қойылымдарымен белгілі. Сахна тілін озық меңгеріп, жансыз қуыршақтарға тіл бітіру үшін маман жылдар бойы жаттығып, шеберлігін шыңдаудан талмаған.

«Өкінішке қарай, Академияға оқуға түсе алмадым. Содан кейін эстрадалық цирк колледжіне баруға тура келді. Ол жерге драма театрының актеріне емес, қуыршақ театрының актеріне түскен болатынмын. Қызығы, 6 ай емес, бақандай бір жылдан кейін ғана бұл өнерді түсініп, ерекшелігін ұғына бастадым», – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының актері Болат Момынжанов.

Қуыршақ театрының жөні бөлек, оның көрерменге сыйлайтын әсері де ерекше. Қойылымды тамашалауға келген балақайлар тіпті қиял әлеміне саяхат жасағандай болып қайтады. Болат Момынжановтың қолында қуыршақтарға құдды бір жан бітетін сияқты. Әрқайсысының өзіндік мінезі, көзқарасы бар.

Енді Болат Момынжанов 20 жылдық актерлік тәжірибесін режиссура саласына бағыттады. Қазір сахна әртісі өзінің алғашқы жобаларын дайындауда.

«Онымен режиссер ретінде жұмыс істеу өзгеше екен, бізге тек мизансценаларды ғана емес, сонымен қатар кейбір эпизодтарды қандай тәсілмен орындауға болатынын көрсетеді. Бұл біздің шеберлігімізді шыңдауға жақсы көмектеседі. Ол бұл спектакльге ұзақ дайындалып, жауапкершілікпен қарады», – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі Гүлназ Әбсаттар.

Болашақта режиссер халықаралық деңгейде қойылымдар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол жас буынмен өз тәжірибесін бөлісіп, театр сахнасына жаңа мамандардың келуін асыға күтіп жүр.

Әйкерім Пернебек, Айдана Нұраш, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жарты ай демалыс: наурызда қазақстандықтар қанша күн демалады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир