Ертегілер әлемі: «Сезам» театры жаңажылдық қойылымның шымылдығын ашты

29.12.2023 23:32

Бұл – әртістердің қуыршықтар бейнесінде өнер көрсететін алғашқы ұжым

Almaty.tv

«Сезам» театры жаңажылдық қойылымдарының шымылдығын ашты. Бірнеше күн бойы ертегілер әлемінің кейіпкерлері кішкентай көрермендерді қуантпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1997 жылы негізі қаланған «Сезам» театр өнерінің түрлі жанрын бір арнаға тоғыстырады. Музыкалық ертегілер, театрландырылған шоу, балалар мен қуыршақтардың қатысуымен интерактивті қойылымдар – шығармашылық ұжымның кішкентай көрермендер үшін ұсынар сыйы. Ал алматылықтар үшін жаңа жылды «Сезаммен» қарсы алу дәстүрге айналғандай. Ал биылғы маусым ерекше өтеді.

– Үш жылдан бері алғаш рет қайтадан балалармен шырша айналып, ән айтуды бастадық. Пандемиядан кейін тыйым салынған еді. Қойылымнан кейін мұндай дәстүр ешбір театрда жоқ, – деді "Сезам" театрының директоры Қайрат Баянов.

Әр қойылымға ерекше ыждағаттылықпен дайындалатын театр қызметкерлері сахнадағы туындының кем-кетіксіз шығып, балдырғандардың жадында жатталып қалуы үшін барын салады. Әр маусымы жаңа жыл қарсаңында ашылатын театр жыл сайын жаңа қойылым ұсынады. Биылғы көрініс те – көрермен үшін жаңа сый.

– Қойылымның мақсаты – балаларға жаңажылдық көңіл күй сыйлап, жақсылыққа, өзіне сенуге дәріптеу. Ертегі кейіпкерлері осы мақсатта көрерменмен байланыс орнатуға тырысады, – деді қойылым режиссері Аридаш Оспанбаева.

– Жаңажылдық мерекеге орай, «Сезам» театрының қойылымына куә болдық. Балаларға ұнады. Олармен бірге өзіміз де ертегілер әлеміне саяхаттап қайтқандай болдық. Балаларға да, келген қонақтарға да ұнады деп ойлаймын, – деді ата-ана Асхат Дамиров.

Айта кетейік, «Сезам» – әртістердің қуыршықтар бейнесінде өнер көрсететін алғашқы ұжымы болды. 26 жыл ішінде әр қойылымды жаңаша әдіспен жарыққа шығарып, көрерменнің таңдайын қақтыру үшін талпынатыны анық аңғарылады. Тек көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, бүлдіршіндерді адалдыққа баулиды.

Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы